
2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанға 134 366 жаңа және жүрілген жеңіл автокөлік импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,4%-ға көп. Бұл туралы Kursiv.media autoreport.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға жеңіл көліктер негізінен Қытай, АҚШ және Жапониядан әкелінген.
Автокөлік жеткізуші елдердің алғашқы ондығы:
- Қытай – 94 606 бірлік (2024 жылдың қаңтар-шілде айымен салыстырғанда +247,5%);
- АҚШ – 12 891 (-29,3%);
- Жапония – 10 377 (-11,2%);
- Оңтүстік Корея – 6 411 (-23,9%);
- Ресей – 5 912 (+217,9%);
- Германия – 1 817 (+23,3%);
- Канада – 605 (-41,6%);
- Мексика – 358 (+90,4%);
- Словакия – 250 (+257,7%);
- Ұлыбритания – 218 (+79%).
Айта кетейік, есептік кезеңде Қазақстан Өзбекстаннан небәрі үш жеңіл автокөлік импорттаған. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында бұл елден көлік жеткізілмеген болатын.
Ал экспортқа келер болсақ, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан шетелге 683 жеңіл автокөлік жөнелткен. Ең көп көлік жөнелтілген елдер – Қырғызстан (240), Беларусь (104) және Қытай (100).
Еске салайық 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Hyundai және Lexus брендтерін сатуда ең ірі нарықтардың бірі атанды.