Ажырасып кеткен Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек қайта қосылды

Жарияланды 7 Қазан 2025 14:52

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек қайта қосылды / фото: Instagram/@thisisjlopeznow

Нью-Йоркте «Өрмекші әйелдің сүйісі» атты фильмнің тұсаукесері өтті. Алайда кештің басты назарында фильм емес, Дженнифер Лопес пен Бен Аффлектің қайта қауышуы болды.

Бірнеше ай бұрын ғана ресми түрде ажырасқан 56 жастағы әнші әрі актриса Дженнифер Лопес пен 53 жастағы актер, режиссер Бен Аффлек көпшілік алдына бірге шықты. Олардың бұл қадамы жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.

Қызыл кілем үстінде Лопес иықтары ашық, бел тұсында өрмекші бейнесімен әшекейленген Harris Reed брендінің әсерлі көйлегін таңдаса, Аффлек классикалық стильдегі көк түсті костюм мен ақ жейде киіп келді. Екеуі өзін еркін ұстап: Бен Дженниферді белінен жаймен құшақтап тұрса, Лопес оның арқасына қолын қойып, жылы жымиып тұрды. Көпшілік бұл сәтті романтикалық флиртке балады.

Фильмнің атқарушы продюсері болған Бен Аффлек журналистерге берген сұхбатында Дженнифердің актерлік жұмысына жоғары баға берді:

«Бұл фильм — нағыз өнер туындысы, ал Дженнифер онда керемет рөл сомдады», — деді Аффлек.

Өз кезегінде Лопес те бұрынғы жұбайына алғыс айтып:

«Егер Бен болмағанда, бұл жоба жүзеге аспай қалуы мүмкін еді. Мен оған әрқашан ризамын», — деді.

Айта кетерлігі, бірнеше апта бұрын Лопес ажырасуын өміріндегі ең дұрыс шешімдердің бірі деп атаған еді. Сол себепті олардың қайта қауышуы көптеген жанкүйер үшін күтпеген жағдай болды.

Еске сала кетейік, Дженнифер Лопес тамыз айында Астана мен Алматыда жеке концертін берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз