Nissan компаниясы Tekton атауымен жаңа кроссовер шығарып жатыр

Жарияланды 8 Қазан 2025 16:16

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Nissan Tekton кроссоверінің толық таныстырылымы 2026 жылы өтеді / Фото: auto.ru

Nissan бұрын-соңды болмаған жаңа кроссовер Tekton-ның алғашқы суреттерін жариялады. Ресми мәлімдемеге сәйкес, жаңа үлгінің дизайны әйгілі Patrol жол талғамайтын көлігінен шабыт алған сыңайлы.

Жаңа модельдің техникалық сипаттамалары әзірге құпия сақталып отыр, алайда кейбір мәліметтерге сүйенсек, Tekton қайта өңделген Dacia Duster болуы мүмкін.

Tekton мен Duster-де қандай ұқсастықтар бар

Тизер суреттер арқылы кроссовердің алдыңғы бөлігінің дизайнын байқауға болады. Онда ерекше жарық элементтері, көлемді бампер және көлденең жолақты радиатор торы көзге түседі. Сондай-ақ артқы бөлігінде жарықдиодты жолақ пен спойлер бар.
Tekton мен Duster-дің сыртқы келбеті ұқсас. Екі кроссоверде де капот рельефі ұқсас, артқы дөңгелек аркалары кеңейтілген және алдыңғы есіктердің алдындағы элементтері бірдей. Сонымен қатар бесінші есіктің терезе пішіні де сәйкес келеді.

Фото: auto.ru

Екі модельдің ұқсастығын дәлелдейтін тағы бір жәйт, Tekton кроссоверінің құралатын орны. Жаңа көлікті Үндістандағы Ченнаи қаласында орналасқан Renault зауытында шығарады. Дәл сол жерде жергілікті нарыққа бейімделген Duster-дің француз брендімен нұсқасы да өндіріске енгізіледі.

Фото: auto.ru

Жаңа модельге таңдалған Tekton атауы грек тілінен алынған және шамамен «шебер» не «сәулетші» деген мағына береді. Nissan Tekton кроссоверінің толық таныстырылымы 2026 жылы өтеді. Сол кезде компания Үндістаннан бөлек, бұл көліктің қандай нарықтарда сатылатынын да хабарламақ.

Алдын ала мәлімет бойынша, Nissan мен Renault Dacia Bigster платформасына негізделген жаңа 7 орынды кроссоверлерді де шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз