Қазан айында BYD-дың жаңа нұсқасы шығады

Жарияланды 8 Қазан 2025 18:47

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: ITHome

11 қазанда Қытайда BYD Han Intelligent Driving Pilot Edition электр көлігінің таныстырылымы өтеді. Автокөлік жаңартылған дизайнымен және қуаттырақ қозғалтқыш жүйесімен жабдықталған.

BYD Han жаңа нұсқасы электрмен жүру қашықтығын екі есе арттырды

BYD Han Intelligent Driving Pilot Edition үлгісінің жаңартылған нұсқасы толық электр режиміндегі жүріс қорын 125 шақырымнан 245 шақырымға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар, аралас режимдегі отын шығыны бар болғаны 3,5 литрді құрайды (100 км-ге).

Электр қуатымен жүретін нұсқаның да көрсеткіштері жақсарды, енді ол 635 шақырымға дейін жете алады. Электр энергиясының шығыны 100 шақырымға 10,6 кВт/сағ.

Фото: ITHome

Қазіргі үлгінің қозғалтқышы 115 кВт қуат пен 225 Нм айналдыру моментін береді. Алайда бейресми деректерге сәйкес, жаңа нұсқа 200 кВт қуатқа ие алдыңғы электромотормен жабдықталған. Сонымен қатар, айналдыру моменті де жақсарады деп күтілуде.

Жаңа BYD несімен ерекшеленеді

Жаңа автокөлік BYD компаниясының өзі әзірлеген Yunnian C интеллектуалды шасси жүйесімен, жүргізушіге көмектесетін «Құдай көзі» жүйесімен, қозғалыс кезінде тербелісті азайтатын интеллектуалды жүйемен және жоғары жылдамдықта дөңгелек жарылған жағдайда тұрақтылықты сақтайтын жүйемен жабдықталады.

Дизайнға келсек, алдыңғы бөлігі дәстүрлі, қарапайым стильде жасалған. Алдыңғы бампердің төменгі жағы спорттық стильде орындалған. Сонымен қатар, жаңа көліктің салонындағы бөлшектер оңтайландырылып, электронды беріліс ауыстырғыш жүйесі мен көлік тоңазытқышы жаңартылған. Бұдан бөлек сымсыз қуаттау модулінің орны өзгерді, ол қолдануға ыңғайлы бола түскен.

Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында BYD Қытай автонарығының көшбасшысы атанды. Модельдер бойынша ең танымал көліктер — BYD Song, Geely Xingyuan және BYD Seagull болды.

Еске салайық Қазақстандағы қытайлық бренд дистрибьюторы тамыз айының соңына дейін BYD Song Plus DM-i гибридінің «100 km Flagship» жинақтамасына жеңілдік барын растады. Қазір көлікті 15,6 млн теңгеге сатып алуға болады – бұл бұрынғы бағадан шамамен 2,3 млн теңгеге арзан.

Сондай-ақ оқыңыз