GTA сериясындағы үздік 5 ойын

Жарияланды 10 Қазан 2025 08:25

Торғын Қабен

Торғын Қабен

GTA сериясындағы үздік ойын қандай?/Фото: shutterstock.com

2023 жылы желтоқсанда Rockstar компаниясы GTA 6 трейлерін шығарды. Бұл сәтті ойын фанаттары көптен күткені белгілі. Олай дейтінміз серияның ресми аңдатпасы әне жасалып қалар, міне жасалып қалар деп жүргенде арада 10 жыл өте шыққан. Сары майдай сақталған серия жарық көргеннен кейін ойынның рейтиңі де әжептәуір көтерілді. Осы ретте әйгілі Grand Theft Auto-ның бұрынғы нұсқаларын да еске алғанды жөн көрдік. Ойыншылардың оң бағасын алған ойындарды назарыңызға ұсынамыз.  

Grand Theft Auto 4

Шыққан жылы: 2008
Жасаған: Rockstar North
Платформалар: Steam, PlayStation 3, Xbox 360, Xbox One және Xbox Series
Ұзақтығы: сюжетті өтуге 21 сағат кетеді. Ал түгел ойынға 74 сағаттай керек.

Сюжеті мынадай. Нико Беллик деген оңтүстік-шығыс Еуропадан келген иммигрант, ардагер. Көптен бері Америкаға шақырып жүрген ағасы Романның қасына Либерти-Ситиге көшіп келеді. Сөз жүзінде бұл жақта бәрі күшті болғанымен, іс жүзінде оңай ештеңе болмай шығады. Романның өзі күнін әрең көріп жүр екен. Таудай үйіп ақша тауып жатқан түгі жоқ. Содан Нико өзі енді келгенімен қоймай, ағасын сүйреп, оның басындағы проблемаларды шешуге бел буады.

Төртінші серияның ерекшелігі сол дәл осы кезде ойын 3D-дан HD-ға ауысты. Сондықтан сюжеті, музыкасы, кейіпкерлері алдыңғыларға қарағанда мықтырақ болды. Оған қоса, GTA 4-те көліктің қай жерін соқса, дәл сол жері мыжылып қалады. Қозғалтқыш істемей қалса, көлік сөніп қала салады. Осы сынды жаңалықтарымен ойын шынайырақ бола түсті. Қазіргі нұсқаларын ойнап жүргендерге бұл тың нәрсе бола қоймас. Бірақ алғаш шыққанда бәрі таңғалған. Айтпақшы, ұялы телефон, интернет, ток-шоу, сериалдары да бөлім де осы нұсқадан басталған еді. Егжей-тегжейіне дейін ойластырылғанынан бөлек, ойынның сюжеті де көпшіліктің көңілінен шыққан. Нико дұрыс өмір сүруге талпынады. Сол жолда жақындарына көмек қолын созып, армандарына жетуге ұмтылады.      

Grand Theft Auto 5

Шыққан жылы: 2013
Жасаған: Rockstar North
Платформалар: Steam, Xbox One және Xbox Series, PlayStation 4 және 5
Ұзақтығы: сюжетті өтуге 31 сағат кетеді. Бүкіл ойынға 83 сағат керек.

Сюжеті мынадай. Лос-Сантосте жасалатын ұрлық туралы серия. Кейіпкерлері — зейнетке шыққан ұрлықшы Майкл де Санта, есірткі сататын Тревор Филипс және қара нәсілді гангстер Франклин Клинтон ұрлыққа түседі. Технология әлемінің алыптарымен тартысып, үкіметтегі жемқор агенттермен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл серияның үздіктер қатарына қосылуы бекер емес. 10 жылда Rockstar компаниясы ойынның 185 миллион көшірмесін сатқан екен. Мұндай көрсеткішке бұған дейін ешкім жетпеген. Ал енді ойын мүмкіндіктеріне келсек, әрине төртінші сериядан бетер дамытылған, өте шынайы. Әсіресе Лос-Анжелестің атмосферасын бекер көрсеткен. Ойыншы қиялына қалай ерік берсе де рұқсат. Әрі серия тарихында алғаш рет бір емес, үш бірдей бас кейіпкер қойылған. Олардың әрқайсысы бір төбе, себебі харизмасы төгіліп тұр, бастан кешкен оқиғалары бар. Диалогтары да шебер жазылғаны сонша ел арасына бірден таралып кетті. Ұрлық барысы да өте шынайы жасалған. Криминал фильмдерді көріп отырғандай боласыз. Жоспарлағаннан бастап ұрлыққа түскенге дейін бәрін тәптіштеп тізеді. Атыс-шабыс та жоғары деңгейде.

GTA Online-ның көпшіліктің сүйікті ойынына айналып, мол табыс әкелгені сонша, осы сериядан кейін он жыл бойы ойын шықпады. Сол үзілісте ешкімнің іші пыса қойған жоқ. Себебі Grand Theft Auto ойнайтындар саны азаймады. Ал жасаушылар болса, демалыс алып, келесі серияға күш салуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде Red Dead Redemption 2 өндірісіне ден қойды, одан 2023 жылы алтыншы серия жарыққа шықты.  

Grand Theft Auto: San Andreas

Шыққан жылы: 2004
Жасаған: Rockstar North
Платформалар: дербес компьютер, PlayStation 2, Xbox, iOS, Android
Ұзақтығы: сюжетті өтуге 30 сағат кетеді. Бүкіл ойынға 45 сағат керек.

Сюжеті мынадай. 1992 жылы афрофамерикалық Карл Джонсон анасын ақтық сапарға шығарып салу үшін Лос-Сантосқа үйіне келеді. Ол көпшілік арасында Си-Джей деген атпен белгілі еді. Свит есімді үлкен ағасына қастандық жасалған кезде ойламаған жерден анасы құрбан болады. Содан Джонсон криминал әлеміне банда өкілі ретінде еніп кетеді. Оған қоса амалсыз Фрэнк Тенпенни деген полиция қызметкерінің қолшоқпары болып жүреді. Олай етпесе, өзін де, отбасын да қорғай алмас еді. Түрмеге тоғытылып кетпеудің жалғыз амалы сол-етін.

Бұл ойынның сонау 2004 жылы шыққанын ескерсек, сол кездегі мүмкіндіктермен мұндай дәрежеде серия дайындау үлкен шеберлік екені айтпаса да белгілі. Әсіресе, 90-жылдардағы Американың атмосферасын керемет жеткізген. Хип-хоп әндерге жағажайда билеп жүргендерді көріп сол заманға түсіп кеткендей боласың. Бір-бірімен жарысып, кімнің мықты лоурайдер екенін таласқа салып жататындар — бөлек әңгіме. Бұл сюжеттің күлкілі тұсы жетерлік. Сәтті қосылған әзілдер ойнап отырғандарды одан сайын еліктіреді. Жалпы алғанда криминалға кірген жігіттің өмірі арқылы ешқашан барып көрмеген Американың аурасын сезініп, афроамерикалықтардың проблемасын да бір адамдай түсініп кетесің. 

Grand Theft Auto: Vice City

Шыққан жылы: 2002
Жасаған: Rockstar North
Платформалар: дербес компьютер, PlayStation 2, Xbox, iOS, Android
Ұзақтығы: сюжетті өтуге 18 сағат керек. Бүкіл ойынға 42 сағат кетеді.

Сюжеті мынадай. 1986 жыл. Гангстер Томми Версетти түрмеден шығады. Ол бірнеше адамды «қырып» тастағаны үшін темір торға тоғытылған. Бостандыққа шыққан бойда оған өте үлкен партиямен есірткі сатып ал деген тапсырма келеді. Келісім Вайс-Ситиде өтетін болып, кейіпкер сол жаққа жолға шығады. Сөйтіп межелі жерге барғанда бәрі кері кетеді. Сатып алушылар мен сатушыларға белгісіз біреулер шабуыл жасалады. Томми мен оның қасындағы Кен әйтеуір қашып үлгереді. Содан бір қонақүйге тоқтап, бастығына хабар береді. Келіссөздің быт-шыты шыққанына бастығы қатты ашуланады. Осылайша басы қайтадан бәлеге қалғанын түсінген Томми Вайс-Ситиде қалып, қылмыс әлемінің серкесіне айналмаққа бел буады. Әрі келіссөзді бұзған бұзақымен де бетпе-бет көрісіп, есесін қайтарғысы келеді. Ал енді ойынның ерекшеліктеріне келсек. Осы серияда бас кейіпкердің сөздері дыбысталып, жеке өзіне тән дауыс пайда болды. Томмидің харизмасы өте мықты. Мотоцикл айдайтын мүмкіндік те осы ойынды қосылды. Пауза мәзірінде қаланың толыққанды картасы пайда болғаны да Vice City-ге тән ерекшелік деп айта аламыз.

Grand Theft Auto 3

Шыққан жылы: 2001
Платформалар: дербес компьютер, PlayStation 2, Xbox, iOS, Android
Ұзақтығы: cюжетті 15 сағатта өтуге болады. Бүкіл ойынға 39 сағат керек.

Сюжеті мынадай. 2001 жыл, Либерти-Сити. Аты белгісіз қызметкер банк тонайды. Бірақ ақыр соңында қасындағы серігі Каталина оны атып кетіп, түрмеге түсіп қалады. Соттан кейін оны түрмеге апара жатқан жолда полицияның кортежіне біреулер шабуыл жасап, кейіпкер қашып кетеді. Осылайша ол Либерти-Сити қаласындағы италиялық Леоне мафиясының құрамына кіреді. Ол жерде әжептәуір беделге ие болады. Сөйтіп жүргенде бір күні оның біреулер ізіне түседі. Кейіпкер бас сауғалап, якудзаға келеді. Сол кезден ол жалдамалының күйін кешеді. Бір күні әлгі өзін оққа жыққан Каталинамен көрісіп қалады. Ойында нендей ерекшеліктер бар? Бүған дейін 3D экшендер болғанымен, дәл осы серия керемет дамтылып, бәрі өте шынайы шықты. Үлкен қалада немен айналыссаң да еріктісің — таксист боласың ба, әлде полициямен тайталасасың ба өзің білесің.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Netflix-тен енді фильм қарап қана қоймай, Boggle мен Tetris ойнауға болатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз