Балаға шетелдік күтуші жалдау қанша тұрады?

Жарияланды 14 Қазан 2025 08:35

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде қазақстандық жұлдыздар арасында балаларына шетелдік күтуші жалдау сәнге айналғандай. Кей ата-аналар мұны баласының тіл үйренуі мен тәрбие сапасы үшін жасайды, ал енді біреулер жайлылық пен сенімділікті алға тартады. Шетелден күтуші жалдау қанша тұрады? Оларға балаларын сеніп тапсырған кімдер? Kursiv.Media материалында.

Филиппиндік күтуші жалдау қанша тұрады?

Қазақстандағы отбасылары көбінде филиппин, тай күтушілерді жалдайды.

«Мұндағы ең басты себеп – ағылшын тілі. Филиппин күтушілер ол тілде еркін сөйлейді, оның жанында жүрген балалар, әдетте, бір жыл ішінде ағылшынды еркін меңгеріп алады», – дейді Aupair Babysitters агенттігінің директоры Әлия Маутова. Бұл агенттік осы уақытқа дейін елге 200-ге жуық филиппин күтушісін әкелген.

Агенттік клиенттер үшін арнайы шетелден күтушілер шақырады. Құжаттарын толтыру, ұшып-қону билеті, агенттік комиссиясын тапсырыс беруші отбасы төлейді. Ай сайынғы жалақысы – 800-900 доллар немесе 400-500 мың теңге айналасында. Шындығында, нарықтағы кәсіби күтушінің қызмет ақысы осынша сома, сондықтан шетелдік күтушіні ерекше қымбат деуге келмес. Тек бастапқы жарна үшін 1,5-2 млн теңге аралығында төлеуге дайын болыңыз.

Көбінде шетелдік күтуші шақырған отбасымен бірге тұрады, бірге тамақтанады. Сапарларға бірге шығады. Ауырып қалса, медициналық шығындарын да өтеу керек.

Неге дәл филиппин күтушілер?

Шетелдік күтушіні өзіңіз таңдап алуға да болады, олар үшін арнайы сайт та ашылған.

«Олар бүкіл әлемде танымал. Жұмыс берушілер сыйлайды, тыныш әрі ұқыпты. Ағылшынша сөйлейді, артық әңгіме таратпайды. Көп ақы сұрамайды», – деп жазылған Filippinki.kz сайтында.

Агенттік сайтында 8 адамның түйіндемесі көрсетілген. Жастары 33-45 аралығында. Бала күтумен ғана емес, үй шаруасымен де айналысады. Ай сайынғы ақысы 800 доллар немесе 420-430 мың теңге төңірегінде.

Баласын шетелдіктерге сеніп тапсырған жұлдыздар

Жәния Журинская

Филиппиндік күтуші жалдаушыларды тренд қылған жұлдыздың бірі – актриса Жәния Журинская. Оны арнайы агенттік арқылы жалдап алдырған. Ұшып-қону билеті және виза үшін 2 млн теңге төлеген. Ал күтушінің ай сайынғы жалақысы – 900 доллар немесе қазіргі курспен 480 мың теңге.

Актрисаның сөзінше, шетелдік күтуші жалдағандағы мақсат – қызына ағылшын тілін еркін үйрету. Ол тек үйде ғана балаға қарамайды, шетелдік сапарларда да бірге жүреді.

Луина

Жәнияның құрбысы Луина да бірінші кезекте баласының ғана емес, өзі де ағылшын тілін жетілдіру үшін шетелдік күтушінің қызметіне жүгінді. Мариса есімді көмекшісі баласына да қарайды, үй шаруасына да көмектеседі.

Менің күтушімнің арқасында ағылшынша сөйлесіп жүрміз. Ұлым анасымен орысша, күтушісімен ағылшынша сөйлеседі. Ағылшын тілінде сөз тіркестерін біледі», – дейді Луина.

Карина Өксікпаева

Миллиондық блогер Карина Өксікпаева да трендке ілесіп, филиппин күтушісін жалдаған. Бірақ сәтті бола қоймады. Кішкентайы ауырып, барлық отбасы мүшелерінен сараптама тапсыруды сұрағанда, күтуші қарсы болады. Тіпті мазасын алғанын айтып, бас тартқан. «Барлығы жақсы болған, тек осыдан кейін күтушіден біржола бас тарттым», – дейді блогер.

Баян Алагөзова

Танымал продюссер былтыр жазда көпшілікті таңғалдырған еді. Елуден асқанда тағы да сәбилі болған жұп қос қызына бес күтуші жалдаған.

«Әр балаға екі күтушіден бекітілген, олар ауысыммен екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Түнгі және күндізгі няньдар бар. Ал бесінші күтуші – көмек ретінде күн сайын жұмыс істейтін филиппиндік әйел», – деген еді ол қызы Айсәулеге берген сұхбатында.

Филиппиндік күтушіні негізінен балаларына ағылшын тілін үйрету үшін жалдаған.

Ата-аналардың өмірін жеңілдететін тек күтушілер ғана емес, мына жерден күнделікті тұрмысты жеңілдетіп, балаларының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін гаджеттер туралы оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз