Дүниежүзілік банк Өзбекстанға реформа жүргізу үшін 800 млн доллар бөледі

Жарияланды 17 Қазан 2025 11:34

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Өзбекстан Дүниежүзілік банк
Фото: Vaib.Uz

Дүниежүзілік банк Өзбекстанға реформа жүргізу үшін 800 млн доллар бөледі. Ұйымның атқарушы директорлар кеңесі Өзбекстан экономикасындағы құрылымдық реформаларды қолдау үшін қаржылық пакет бөлуді мақұлдады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.

Қаражат ұзақ мерзімге және төмен пайызбен беріледі. Бұл қарызды өтеу шығындарын азайтып, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Реформалардың негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік қорғауды күшейту . Аз қамтылған отбасыларға берілетін төлем көлемі 270 мыңнан 1 миллион сумға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар, жұмыс орнында әйелдердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтіледі, жүкті болуына немесе баласының болуына байланысты әйелдерді жұмысқа алмауға, жалақысын төмендетуге не жұмыстан шығаруға тыйым салу енгізіледі.

Мемлекеттік басқару саласында мемлекеттік компанияларды тиімді басқару және жекешелендіру үшін Ұлттық инвестициялық қор құрылады. Телекоммуникация секторында тәуелсіз реттеуші орган пайда болады. Оның міндеті – ірі ойыншылардың үстемдігін шектеу және салаға жеке инвестицияларды тартуды ынталандыру.

Сауда және энергетика саласында Өзбекстан үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру процесін жеделдетуді, экспорт рәсімдерін жеңілдетуді жоспарлап отыр.

Дүниежүзілік банк бұған дейін Қазақстанға да қаржы бөлген. Осы жылы көктемде үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» атты ұлттық жобаны қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымы көмектесетінін хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз