
Қазақстанда жылқы етін жеу ежелгі дәстүр болғанымен әлемдегі көптеген елдер үшін бұл жабайылық болып көрінуі мүмкін. Алайда қазақтар жылқы етін жейтін әлемдегі жалғыз ұлт емес. Kursiv.Lifestyle жылқы етін жейтін немесе жылқы етін сататын елдерге қатысты материал ұсынады.
Жылқы етінің пайдасы
Қой немесе сиыр етімен салыстырғанда жылқы етінің майы аз сондықтан ол көп елдер де диеталық тағам ретінде ұсынылады. Майы аз болғанына қарамастан, оның құрамында ақуыз жоғары, гипоаллергенді және асқазанға жеңіл. Жылқы етінде холестерин аз немесе мүлдем жоқ, бұл оны жүрек-тамыр жүйесі үшін қауіпсміз етеді. Бұған қоса, ол тері, тырнақ пен шашты қатайтып, құрылымын нығайтып, қалпына келтіреді. Жылқы етінде көптеген дәрумендер (әсіресе В тобы) және магний, фосфор және калий сияқты минералдар бар. Бұл иммундық жүйенің жұмысын қолдайды және ағзаға инфекциялармен күресуге көмектеседі. Бұған қоса, эндокриндік жүйенің қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін аминқышқылдары мен микроэлементтер бар.
Азия
Жылқы етін ең көп өндіретін елдер Азияда орналасқан: Қытай мен Қазақстан. Жылқы еті Орталық Азия елдерінің дәстүрлі тағамы. Түркіменстаннан өзге, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда және Тәжікстанның кейбір аймақтарында жылқы етін көп тұтынады. Етті негізінен тұздап, қайтып жейді. Қазы-қарта, жал-жаясына дейін жейді. Арнайылап сүрлейтін аймақтар да бар. Оны дәстүрлі палау мен лагманға да қоса береді. Орта Азия елдерінің ішінен тек Түркіменстанда жылқы етін жеуге болмайды. Олар үшін жылқы – дос және жауынгер жолдас. Олар өздерінің «Ақалтеке» тұқымды сәйгүліктерін құрмет тұтады.
Моңғолияда да жылқы етін жеуге рұқсат. Олар шошқа етін де тұтына береді, сондықтан қандай да бір етті жеуге болмайды деген тыйым жоқ. Қытай жылқы етін әлемде ең көп өндіретін мемлекет. Елдің шығысында тұратын мұсылман халықтар: қазақтар мен ұйғырлар жылқы етін жейді. Сондықтан елде бұл етті жеуге болмайды деген тыйым жоқ.
Жапонияда жылқы етінен жасалатын ұлттық тағам бар. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл елге жылқыны алғаш моңғол шапқыншылары алып келіп, мәдениеттеріне сіңірген. Ал тағы бір деректер де жылқы етін Кумамота префектурасында жей бастаған. Себебі аралда орналасқан аймақта жылқы тым көп болғандықтан, оларды өлтіріп, етін тұтына бастаған. Қалай болғанда да осы Кумамота аймағы «басаши» атты тағамымен танымал. Бұл жұқа болып туралған жылқының шикі сан еті. Сондай-ақ, дәл осы аймақта «қуырылған банику» сатады. Бұл жылқы етінен жасалған кәуап. Елде бұл тағам өте қымбат саналады, себебі аралдар да жылқы бағатын жер жоқ. Етті өзге елдерден, көбіне Қытайдан сатып алады.
Индонезияда тұратын мұсылмандар жылқы етінен тағам жасап жейді. Негізінен жылқы етінен кәуап жасайды. Өздерінің дәстүрлі рецептімен жасалатын кәуаптарын негізінен әртүрлі мал етімен жасай береді. Бірақ дәл жылқы етінен жасалған тағам құнды саналады.
Америка және Аустралия
Америка материгіндегі елдер жылқы етін жемегенімен оны бағып, етін Еуропаға сатады. Мексика, Аргентина, Бразилия мен Уругвайдан шыққан ет өнімдері Еуропаға кең таралған. Әсіресе аргентиналық жылқы еті әлемде өте танымал. оны Еуропа мемлекеттері сатып алып жатады. Бұл туралы сәл кейінірек.
АҚШ пен Аустралияда жылқы етін жеуге заңмен тыйым салынған. Алайда капитализм стандартына сәйкес, өсіруге және етін шетелге сатуға тыйым салынбаған.
Еуропа
Еуропада жылқы етін жеуге тыйым салу туралы жиі сөз қозғалады. алайда көптеген елдердің дәстүрлі тағамдары жылқы етімен жасалатындықтан, әзірге ешкім шектеу қойған жоқ. Тарихи деректерге сәйкес, Рим империясын талқандаған Ғұн әскерлері аймаққа өз дәстүрлерін ала келген. Олардың қатарында осы жылқы етінен тағам жасау да бар. Еуропада негізінен жылқыны француздар жейді. Олардың «тартар стейгі» деген тағамы осы жылқы етінен жасалады. Әсіресе бұл тағам қымбат мейрамханаларда көп ұсынылады. 2024 жылы Франция мен Қазақстан арасында келісім жасалып, Қазақстанда шыққан жылқы еті Елисейге сатылатын болған. Бельгияның француздар тұратын аймағында жылқы етін жейді. Бұл ел етті жоғары да аты аталған Аргентинадан сатып алады. «Шауербратен» аталатын дәстүрлі неміс тағамын да елдің кей бөлігінде жылқы етінен жасайды. Аустрияда жылқы бауырынан жасалатын «Пферделеберкаше» тағамы бар.
Жылқы етін көп жейтін тағы бір еуропалық ел Ресей. Негізінен елдің Азия бөлігінде өмір сүретін бурят және қалмық халықтарымен қоса, түркі халықтары жылқы етін қазақтар мен қырғыздардан кем жемейді.