
19 қазан күні таңертең Париждің қақ ортасында орналасқан әйгілі Лувр мұражайында бұрын-соңды болмаған ұрлық жасалды. Бетперде киген төрт адам бар-жоғы жеті минуттың ішінде Наполеон Бонапарт пен француз монархтарына тиесілі асыл тастар мен әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен.
Тергеу және алғашқы табылған жәдігер
Париж прокуратурасы «ұйымдасқан ұрлық» және «қылмыстық сөз байласу» баптары бойынша тергеу бастады. Тергеуге мәдени құндылықтардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі арнайы қызмет те қатысып жатыр.
Францияның мәдениет министрі Рашида Дати TF1 телеарнасына берген сұхбатында ұрланған бұйымдардың бірі: патшайым Евгенияның тәжі мұражай маңынан сынған күйінде табылғанын айтты.
«Бұл тәж XIX ғасырдағы тарихи жәдігер. Оның құрамында 1354 бриллиант пен 56 изумруд бар», — деді министр.
Ұрланған заттардың тізімі
Париж прокуроры Лора Бекюо ұрланған бұйымдар қатарында:
- Наполеон I жұбайы Мария-Луизаға тиесілі алқа мен сырғалар;
- Король Луи-Филипп I жұбайы Мария Амалия мен Наполеон III анасы Гортензия Богарне иелік еткен алқа, сырға және тәж;
- Патшайым Евгенияға тиесілі екі алқа, корсаждық бант және тәж бар екенін хабарлады.
Министрдің айтуынша, ұрылар «өте кәсіби, дүрбелеңсіз және күш қолданусыз» әрекет еткен.
Ұрлық қалай жасалды
Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыскерлер таңғы 09:30 шамасында Луврдың Аполлон галереясына терезені сындырып кірген. Сыртта тұрған жүк көлігіндегі көтергіш құрылғыны пайдаланып, ішке енген.
Мұражай ішіндегі әшекейлерді алып кеткеннен кейін, ұрылар жеті минут ішінде скутерлермен қашып кеткен.
Лувр мен Макронның жауабы
Оқиғадан кейін Лувр сол күні келушілерге есігін жапты.
Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап:
«Луврда жасалған ұрлық біздің тарихымыздың бір бөлігі саналатын мәдени мұрамызға қол сұғу. Біз бұл бұйымдарды қайтарамыз, ал кінәлілер жазасыз қалмайды», — деді.
Президент сондай-ақ ел билігі Лувр қауіпсіздігін күшейту бағытында нақты шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Лувр мұражайында соңғы рет мұндай ірі ұрлық 1911 жылы болған. Сол кезде италиялық жұмысшы Винченцо Перуджа әйгілі «Мона Лиза» картинасын ұрлап, екі жылдан кейін ғана ұсталған болатын.