
Orbis Kazakhstan компаниясы Қытайдың Geely брендіне тиесілі Coolray және Emgrand модельдерін Қазақстанда шығарады. Өндіріс Алматы қаласында салынып жатқан Orbis Manufacturing зауытында жүзеге асырылады.
Екі модель де CKD (тұтастай бөлшектеу) технологиясы бойынша құрастырылады.
Аталған жоба Geely Automobile International Corporation компаниясымен бұған дейін жасалған стратегиялық әріптестік туралы келісім аясында іске асырылуда. Қазіргі уақытта тараптар жобаны жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

«Geely компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырылатын өндірісті жергіліктендіру процессі – бұл жай ғана жоба емес, екі тарап арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтатын стратегиялық қадам. Orbis Kazakhstan құрамындағы G-Motors Kazakhstan еншілес компаниясы бірнеше жылдан бері Geely маркасының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы болып келеді. Біз брендтің нарықтағы жетістіктерін айқын көріп отырмыз: автомобильдерге деген сұраныс жоғарлауда, сату көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді», – деді Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов.
Orbis Manufacturing зауытының құрылысы 2025 жылы Алматы қаласының индустриялық аймағында басталды. Кәсіпорынды салу және іске қосу кезеңдеріне салынатын жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 1500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Geely автомобильдерінің өндірісі 2027 жылы басталады деп жоспарланған.

Orbis Manufacturing зауыты Orbis Kazakhstan холдингінің құрамына кіреді. Холдинг 2001 жылы қазақстандық кәсіпкерлер Фаррух Махмудов пен Сухраб Махмудовтың бастамасымен құрылған. Компания қызметінің негізгі бағыттары – автомобил жасау, құрылыс, техника дистрибуциясы, автосервис, агробизнес, қонақүй және мейрамхана ісі және басқа да салалар.
Еске салайық, 1 тамыздан бастап Қазақстанда Geely маркасының екі моделі айтарлықтай арзандағаны байқалады. Танымал Emgrand седаны мен шағын Coolray кроссовері тиісінше 2,6 млн және 3,8 млн теңгеге арзандады. Бағалар барлық жиынтықтарға қатысты төмендегенін брендтің ресми дистрибьюторы растады.