
Алматыда түсірілім барысында кино көліктерін полиция тоқтатып, жүргізушілерді қамауға алған оқиға қоғамның назарын аударды. Бұл туралы фильмнің продюсері Айсәуле Әбілда өзінің Facebook парақшасында жазды.
Продюсердің айтуынша, оқиға 5 қазан күні Әл-Фараби мен Достық көшелерінің қиылысында болған. Түсірілім тобы 2004 жылды бейнелейтін сахна түсіріп жатқан. Сол себепті үш көлікке сол кезеңнің нөмірлері ілінген. Алайда, полицейлер бұл нөмірлерді «жалған мемлекеттік тіркеу белгілері» деп бағалап, хаттама толтырған.
«Бізде Алматы қалалық мәдениет басқармасынан және Полиция департаментінен кино түсіруге рұқсат қағазы бар еді. Соған қарамастан, қырағы полицейлер хаттама толтырып, жүргізушілерді бір тәулікке қамады», – деп жазды продюсер.
Құқық қорғау органдары бұл әрекетті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 4-тармағына сәйкес «жалған нөмірмен көлік жүргізу» деп таныған. Ал сот отырысы онлайн форматта, продюсер мен қорғау тарабының қатысуынсыз өткен.
«Сот бізді тыңдамай, жүргізушілерге бір жыл көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарды. Ал бұл үш адам отбасылы, көлік айдап нәпақасын табатын жігіттер еді», – дейді Айсәуле.
Оның сөзінше, сот шешімінен кейін олар жүргізушілерге өтемақы ретінде 2,24 млн теңге төлеген. Алайда, енді жүргізушілер өздері көлік жүргізе алмайтындықтан, 6 млн теңге көлемінде қосымша өтемақы талап етіп отыр.
Айта кетейік, режиссер Мұрат Есжан мен әйелі Айсәуле Әбілда бұған дейін Міржақып. Оян, қазақ!”, «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Абай жолы» сияқты фильмдерді түсірген.