Ұлттық банк: ВТБ Банктің санкцияға ілігуінен экономикаға қауіп жоқ

Жарияланды 23 Қазан 2025 17:05

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Коллаж: Kursiv.Media

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев ЕуроОдақ санкциясына іліккен ВТБ Банк төңірегіндегі жағдайға қатысты сауалдарға жауап берді.

«Осы банк арқылы операциялар жасалмайды десе де болады. Сол себепті ВТБ қаржы саласындағы тұрақтылыққа кері әсер ете алмайды. Экономикаға қандай да бір қауіп бар деп ойламаймын», – деді топ-менеджер 23 қазанда парламенттегі журналистерге.

Оның айтуынша, салымшылардың банк таңдау құқығы бар. Осында қалу немесе басқа банк таңдау – тұтынушының өз еркінде.

Азаматтар қаржы мекемесіндегі ақшасын жаппай шығарып алса, банк тақырға отырмай ма? ҰБ өкілі осы сауалға былай деп жауап берді:

«Банк клиенттері мен халық зардап шекпеуі тиіс. Дегенмен шаруашылық иесін де ұмытпауымыз керек. Төлем немесе аударма жағынан қиыншылық туындап жатса, біз көмектесеміз», – дейді ҰБ төрағасының орынбасары.

Қадағалаушы банк өкілінің айтуынша, үкімет Қазақстандағы басқа да банктер санкцияға түсіп қалмау жағын жіті бақылап отырады.

Естеріңізге сала кетейік, ЕО-ға мүше елдер 23 қазанда Ресейге қарсы санкциялардың 19-жиынтығын жариялады. Ресейдің VTB  халықаралық қаржы тобының Қазақстандағы еншілес банкі де «қара тізімнен» табылды.

Сондай-ақ оқыңыз