Құрғақ есеп емес, нақты нәтиже қажет: инфрақұрылымға бөлінген қаржы қалай бақыланады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Инвестицияның қалай жұмсалатыны қатаң бақыланады / Фото: ЖИ-мен жасалған

Қазақстан алдағы үш жылда тозығы жеткен электр желілері мен коммуналдық жүйені жаңғыртуға 13 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

Бұл – Қазақстанның жылдық бюджетінің жартысына тең қаражат. Қаржының 6,2 трлн теңгесі энергетика секторына, 6,8 трлн теңгесі коммуналдық саланы жаңғыртуға жұмсалады. Жоба аясында 200 табиғи монополиялар субъектісі мен 30-дан аса жылу орталығы жөнделуге тиіс.

Осы инвестиция қалай игеріліп, қалай жұмсалып жатыр? Салынған инвестицияның тиімділігі қандай? Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қалай қадағаланады? Бұл сауалдарға Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бөлім Саягүл Өмірзақова жауап берді, деп жазады Kursiv.Media.

Табиғи монополиялардың инвестициялық бағдарламалары мен тарифтік сметаларының орындалуы кәсіпорындардың есептері, ресми құжаттарды талдау, сондай-ақ нысандардағы жұмыстардың нақты атқарылуын тексеру арқылы бақыланады.

Инвестициялық бағдарлама не үшін қажет?

Инвестициялық бағдарлама – коммуналдық нысандарды жаңарту мен дамытуға бағытталған шаралар жоспары. Онда нақты жұмыстар, оларды орындау мерзімі мен қаржы көлемі көрсетіледі.

Маманның айтуынша, негізгі мақсат ақшаны игеру емес, нақты нәтижеге жету. Яғни, тозығы жеткен желілерді ауыстыру, апаттарды азайту және қызмет сапасын арттыру. «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында бұл бағдарламалардың маңызы артып келеді.

Тексеріс қалай жүргізіледі?

Комитет тек қағаздағы цифрларға қарап шектелмейді. Инвестицияның тиімділігін білу үшін мынадай жұмыстар атқарылады:

  • Кәсіпорындардың есептері мен құжаттары талданады;
  • Бекітілген жоспардың орындалуы тексеріледі;
  • Нысандардағы жабдықтардың шынымен ауыстырылғаны және жөндеу жұмыстарының нақты сапасы тексеріледі.

Егер кәсіпорын бөлінген ақшаны толық жұмсағанымен, уәде етілген жұмысты атқармаса, бағдарлама орындалды деп есептелмейді.

Талапты бұзғандарға қандай шара қолданылады?

Тексеру кезінде кейбір іс-шаралардың орындалмауы, ақшаның толық жұмсалмауы немесе бекітілген параметрлерден ауытқу сияқты бұзушылықтар жиі кездеседі.

Тарифте көзделген ақшаны кәсіпорын өз бетінше жұмсай алмайды. Егер міндеттемелер орындалмаса, уақытша өтемдік тариф енгізіледі. Бұл – игерілмеген немесе мақсатсыз жұмсалған ақшаны тұтынушыларға тарифті төмендету арқылы қайтару механизмі.

Мысалы, 2025 жылы инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалмауына байланысты монополия субъектілеріне жалпы сомасы 14 миллиард теңгеге жуық уақытша өтемдік тариф енгізілді.

Жұмыстың тиімділігі қалай бағаланады?

Бағдарламаның тиімділігі игерілген ақша көлемімен өлшенбейді. Басты көрсеткіштер:

  • Инфрақұрылымның тозу деңгейінің төмендеуі;
  • Жабдықтар мен желілердің сенімділігі;
  • Технологиялық бұзушылықтар мен апаттардың азаюы;
  • Көрсетілетін қызметтің сапасы.

Тұтынушылар бақылауға қатыса ала ма?

Иә, бұл процесс ашық жүргізіледі. Тұтынушылар жария тыңдауларға қатысып, жоспарланған жұмыстар, қаржыландыру көздері және инфрақұрылымның жағдайы туралы сұрақ қоя алады. Бұл бақылау органына халықтың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Тұтынушы үшін құжаттағы ақша көлемі мен түрлі дерек маңызды емес. Ең бастысы – үйге жылу, су, электр энергиясының үздіксіз әрі сапалы берілуі. Сондықтан бақылаудың басты міндеті – бөлінген әрбір теңгенің инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалғанын қамтамасыз ету.

Қазір Қазақстанда 77 энергия өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 19-ының жабдығы 65% тозып тұр. Жобаға сәйкес, энергия өндіретін 14 ірі жылу электор орталығы толық жаңғытылады.

Ресми дерекке сәйкес, елдегі қалалардың 98,9 пайызына, ал ауылдардың 96,6 пайызына су құбыры жүргізілген. Алайда сумен жабдықтайтын инфрақұрылымныің 40 пайыз тозып кеткен. Ал жартысынан астамы әбден ескірген.

Сондай-ақ оқыңыз