
Ерлердің гардеробы әйелдерге қарағанда қарапайым болады деген ойыңыз қате болуы мүмкін. Себебі қазір стильді үйлестіру жағынан ер-азаматтар еш қалыспайды. Биылғы маусымда экологиялық тұрғыда таза, жайлы, смарт технологиялардың көмегімен тігілген сырт киімдер тренд болып жатыр. Яғни 2025 жылдың технология, дизайн және «slow fashion» философиясының симбиозы десек артық болмас. Әр ұсақ-түйектің мәні мен орны бар. Киіске жайлы болсын деп жасалады. Олай болса, биылғы басты тренд сырт киімдерге қатысты толыққанды гайдты назарыңызға ұсынамыз.
1. Oversized киімді ұнататын болсаңыз
Бұл қандай киім екенінен бастайық: Oversized киім деп кең, қыспай тұратын киімдерді айтамыз. Сырт киімдердің ішінде күртеше, пальтолардың неше түрі бар. Бірақ үстіңізде олпы-солпы тұрады деп ойлап қалмаңыз. Себебі оверсайзд болса да иығы келістіріліп, сұлбаңызға сай қылып тігіледі.
Тренд болып жатқанына себеп: ең алдымен, кең киім жайлы болады. Әрі визуал баланс сақталуына да жақсы көмектеседі. Жүрген кезде қимыл-қозғалысыңыз еркін болғаны жақсы емес пе?
Аларда не нәрсеге назар аудар керек:
- Матасын мұқият таңдап алыңыз. Формасын ұстап тұруы керек. Мысалы, нейлоны бар жүн мата немесе тығыз зығыр жақсы;
- Астарына мән беру керек. Іші тығыз вискозадан немесе полипропиленнен тігілсе, көпке дейін тозбайды;
- Беліңізден сәл түсіп тұратын ұзындық жақсырақ. Күнделікті образдарыңызбен үйлестіру оңай болады.
Немен киген абзал: тік шалбар, база свитер немесе худимен кисеңіз жараса кетеді. Өте жинақы көрінеді. Әрі-бері жүргенде де жайлы.
2. Заманауи бомбер: минимализмді жақсы көрсеңіз
Бұл қандай киім екенінен бастайық: бомбер деп қысқа келген күртешені айтамыз. Басы артық детальдары бола бермейді. Күнделікті киюге таптырмайтын нұсқа.
Қандай бомберлер тренд болып жатыр: көбіне жылтыры жоқ, нейтрал түсті сырт киімдер биылғы тренд. Зәйтүн, графит, сарғыш түстер сән.
Аларда не нәрсеге назар аудар керек:
- Іші синтетикалық мамықтан (Thinsulate, Sorona) тігілген түрін таңдауға тырысыңыз. Мыжылмайды, салмағы жеп-жеңіл, су жұқпайды;
- Жылтыр нейлоннан алмаған абзал. Өйткені ол тез бүлініп, тозып қалады.
Немен киген абзал: тік джинса шалбар немесе каргомен кисеңіз, жарасып кетеді. Үстіңізге база футболка немесе casual стильдегі лонгслив кисеңіз болады.
3. Эко-материалдар мен «смарт» матадан тігілген сырт киімдер
Бұл қандай киім екенінен бастайық: бұл топқа қайта өңделген полиэстер, био-зығырдан тігілген парка, жұқа күртеше, пальтоларды жатқызамыз.
Қызық дерек: Global Fashion Agenda, деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы ерлер коллекциясының 68 пайызына жуығы қайта өңделген талшықтардан тігілген екен.
Аларда не нәрсеге назар аудар керек:
- Фторсыз, су жұқпайтын мата жақсы (PFC-free);
- Ауа өткізетін мембраналық қабаттары бар сырт киімдер қарастырыңыз (мысалы eVent, Sympatex деген сияқты);
- Астары тенсель немесе органик вискоза болғаны абзал.
Берер кеңесіміз: мұндай сырт киімдерді қанжылым температурадағы сумен жуыңыз. Кір жуатын машинада сықпаған дұрыс. Одан гөрі үйде, табиғи тәсілмен кептірсеңіз дұрыс болады. Сонда тозбайды, ұзақ киесіз.
4. New classic пальто да — тренд
Бұл қандай киім екенінен бастайық: қосөңірлі немесе тік келген пальто, ұзындығы тізеге дейін, тығыз жүннен тігіледі. Жаңаша классика деп осындай сырт киімді айтамыз.
2025 жылы қандай ерекшелік бар: бұл пальтоларда декор өте аз болады, оның орнына акцент матаға беріледі. Өте сапалы материалдан тігіледі.
Аларда не нәрсеге назар аудар керек:
- 10-20 пайыз кашемирден тұратын жүн матадан тігілгенін алсаңыз, тоңбайсыз, өте жылы. Әрі күтімі де оңайлау;
- Бойыңызды ұзын қылып көрсеткіңіз келсе, иығына жастықша салынбаған түрін алсаңыз болады;
- Өте стайлиш көрінгіңіз келсе, түймелері үлкенін таңдаңыз. Белдік тақсаңыз да болады. Салмақты жігіттерге арналған образ шығады.
Немен киген абзал: үстіңізге худи немесе ірі тоқыма свитер кисеңіз болады. Аяғыңызға челси бәтеңке не кросс киіңіз. Осылайша кеңсеге жұмысқа киіп барсаңыз да, серуенге шықсаңыз да үйлесе кетеді.
5. Техно-парка мен «смарт» күртеше
Бұл қандай киім екенінен бастайық: ішінде жасырын қалтасы көп, вентиляциясы мен реттелетін элементтері бар ұзын күртешелер туралы айтып отырмыз.
Неліктен тренд болып жатыр: мұнда city-стайл мен outdoor-функционалдық қосылған. Сондықтан көпшіліктің көңілінен шығатындай әмбабап нұсқа.
Аларда не нәрсеге назар аудар керек:
- Графен немесе аэрогель талшықтардан тігілген жылы астары барын алған дұрыс. Өйткені олар жылуды ұстап тұрады әрі жеп-жеңіл;
- Сыдырмадан гөрі магнит түймелері бар күртешелер жақсы. Әдетте сыдырмалар істемей қалып жатады. Ал магнит ұзаққа шыдайды әрі таға салуға қолайлы — жабыса қалады;
- Капюшоны мен астары алмалы-салмалы болса дұрыс. Күн жылы болса алып тастайсыз. Сәл суыған кезде тағып аласыз.
Берер кеңесіміз: бұл паркалар мен күртешелер әмбебап деп айтқан едік. Себебі кез келген ауа-райында кие бересіз.
6. Сәннен шықпайтын былғары күртеше
Бұл қандай киім екенінен бастайық: текстурасы біртекті, минимализм стилінде тігілген, жмұсақ былғары күртеше әр ер адамда болғаны дұрыс.
Қайтадан тренд болып жатқан себебі: былғары күртеше киген кезде адам өзін сенімдірек сезіне түседі екен. Одан бөлек, киюге жайлы.
Қандай материалдардан алған дұрыс:
- Саңырауқұлақ мицелиінен жасалған веган былғары немесе ананас талшықтарынан тігілген материал қазір сән болып жатыр. Өйткені су жұқпайды, экологиялық тұрғыда таза;
- Тенсель немесе зығырдан тігілген астар таңдасаңыз қателеспейсіз. Бұл материалдан ауаны жақсы өткізеді, ыстықтап кетпейсіз.
Немен киген абзал: джинса шалбар, жүн матадан тігілген шалбар, тіпті классикалық шалбармен де үйлесе кетеді.
7. Мамық күртеше
Бұл қандай киім екенінен бастайық: жеп-жеңіл, жып-жылы, икемделе кететін күртеше.
Технологияларға келсек:
- Ішінде қайта өңделген мамық немесе синтетикалық наношариктерден тігілген жылытқышы барын алсаңыз болады;
- Жан қалтасында гаджеттерге арналған термоқорғаныс болса дұрыс;
- Жұқа мембраналы қабаттан тұратын болса, дене температурасын реттеп тұрады.
Берер кеңесіміз: су өткізбейтін моделін алыңыз. Манжеттерін қалауыңызға қарай реттей алатын болсаңыз қатып кетеді. Бір алған киімді ұзақ киесіз. Әрі суықта тоңбайсыз.
Немен киген абзал: егер күртешегіңіз қысқа болса, худи және спорт шалбарлармен үйлестіруге болады. Ал ұзын күртешелерді джинса шалбар, табаны қалың бәтеңкелермен киіңіз.
Тобықтай түйін: Сырт киім таңдағанда назар салатын дүниелер
- Өзіңізге ұнайтын стильді тауып алыңыз: қалалық кәжуал, минимализм, спорт немесе классика — қайсысы ұнайды?
- Фасоны әдемі деп қана емес, матасына да мән беріп қараңыз. Себебі материалына қарай оны қанша уақыт киетініңіз белгілі болады. Матасы сапалы болса, тозбайды.
- Нейтрал түстер жақсырақ: сұрғылт, хаки, құм түсті немесе қошқыл көк түстерді база киімдермен оп-оңай үйлестіре бересіз.
- Жайлы болуы керек: бір алғанда сырт киімді қымбат болса да жақсысын, қонымдысын алған абзал.
- Тігістерін, фурнитурасын қарап алыңыз. Киімнің сапасын осындай детальдардың қалай тігілгеніне қарап анықтауға болады.
Естеріңізге сала кетсек, трендтен қалмауға тырысатын сәнқой бойжеткендер мен әйелдер үшін 2025 жылғы күзгі образдар туралы топтама дайындағанбыз.