
Қытай мен Өзбекстандағы шулы пранктермен танымал болған блогер Аружан Айбекова басындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. ҚазАқпаратқа берген сұхбатында «болашақта пранк түсірерде әбден ойланатын болдым» дейді.
«Ташкентте пранк видео түсіру туралы тек мен емес бүкіл команда шешім қабылдады. Видеоны жариялағаннан кейін бұрын сабақ алмаған ба деп көпшілігі жаза бастады. Мен командаға роликті өшіруді ұсындым, хейт болуы мүмкін деп ескерттім. Бірақ идея менікі болмағаннан кейін қарсы тұра алмадым», – деп түсіндіреді Аружан.
Болған жағдайлардан кейін Аружан пранк түсіру туралы ойын өзгерткен.
«Болған жағдайға тек мен кінәлімін деп есептемеймін, бірақ мұндай пранк түсіргім келмейді. Өзбек аудиториясының негативті пікірлері қатты тиді. Осыдан кейін қатты ойланып қалдым. Енді түсірілімге барынша сақтықпен қараймын. Пранк жасай беремін, бірақ өткен жағдайлар сабақ болады. Қазір өзім де ыңғайсызданып жүрмін және аздап қорқынышты. Ата-анам, туыстарым да ренішін айтып жатыр», – дейді блогер.
Аружан Айбекованың инстаграмында миллионнан астам оқырманы бар. Ол Қытайда, Өзбекстанда адамдарға жақындап, қолынан ұстайтын түрлі пранк-видеолар түсіріп сынға қалған. Тіпті Қытайдағы роликтері үшін полицияға шақырып, ескерту алған.