
Әлемге әйгілі BTS тобының әншісі Ким Намджун (RM) саясаткерлерден шекара мен шектеулерді алып тастауды сұрады. K-Pop жұлдызы Азия-Тынық мұхит аймағы жетекшілерінің саммитінде сөйледі. Бұл туралы Reuters хабарлады.
BTS жұлдызы RM-нің пікірінше, адамзат өркениетінің шарықтап дамуына түрлі шекаралар мен шектеулер кедергі келтіріп отыр.
«Мен кәсіпкер емеспін. Сіздердің алдарыңызда еркін шығармашылық өкілі ретінде үн қатқым келеді», – деп бастады корей жұлдызы.
Ол миллиондаған жанкүйері бар (ARMY) K-Pop тобының жетістігін қарапайым мысалмен түсіндірді.
«Мәдениеттерді бөліп тұрған кедергілер жойылса, түрлі дауыстар бір арнаға тоғысып, шығармашылық өрлеу басталады», – деп есептейді BTS әншісі.
Әншінің пікірінше, кіршіксіз таза мәдени күштің арқасында көптеген жанкүйер түрлі шекараларды басып өтіп, оларды біріктіретін музыканы тыңдауға асығады.
BTS тобының жеті әншісі биыл ғана қайта қосылды. Олардың бәрі әскери борышын өтеп келді. Оңтүстік Кореяда әскер жасындағы азаматтардың бәрі армияда қызмет етуі тиіс.
RM сөйлеген форумға АҚШ президенті Дональд Трамп пен Оңтүстік Корея басшысы Ли Чжэ Мён де қатысқан. Олар тариф мәселесін талқылап жүр.
Осының алдында президент Ли K-Pop-қа қолдау көрсетуге, елді ғаламдық мәдени орталыққа айналдыруға уәде берген.
«Түрлі мәдениеттер мен креатив – адамзаттың ұлы жетістікі. Оны K-Pop талай мәрте дәлелдеді. Ешқандай шекара, ешқандай шектеу болмасын«, – деп түйіндеді сөзін RM.
Бұған дейін Kursiv.Media Солтүстік Кореядан қашып келген жігіттер K-pop тобын құрғаны туралы жазған.