
Жахан Отарғалиев Мөлдір Мұқановадан кешірім сұрады. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанованың арасындағы жайтқа да тоқталды.
«Жеңгемді қолдап кеткім келді. Өнерге келуіме себеп болған – Тұрсынбек ағам. Үйінде тұрып, жеңгемнің шәйін ішіп, екеуімен де жақсы араласқанмын. Екеуін бірдей сыйлаймын, жақсы көремін», – деді Жахан Отарғалиев.
Оның сөзінше, Мөлдір оған қашан да қолдау білдірген.
«Мен Мөлдір жеңгемнен кешірім сұрағым келеді. Былтыр менің парақшам блокқа кеткен кезде, мені ең бірінші болып қолдаған – менің Мөлдір жеңгем. Айтқызбай. Мен ол кісіден сұраған жоқпын. Өзі «қайын інім» деп қолдап кетті», – деді Жахан Отарғалиев.
Оның айтуынша, Жахан Отарғалиев пен Мөлдір Мұқанова бірін-бірі 2008 жылдан бері таниды. Содан бері тек сый-құрмет көріп келе жатқанын алға тартты.
«Қашан барсақ та, алдымнан жүгіріп шығып, бір құманын алып, күн демей, түн демей, шайын дайындап, «қайным келе жатыр» деп қарсы алып, күтіп жібереді. Сөйткен жеңгемнің алғашқы киносы шығып жатыр», – деп, Мөлдірге жұртшылықты қолдау көрсетуге шақырды.
Жахан Отарғалиев Мөлдір Мұқанованың алдында кінәлі екенін айтты.
«Мен сол үйде тұрдым. Бір күні мені үйге тастап кетеді де, өздері шетелге кетіп қалады. Сол кезде үйдегі екі тотықұсты өлтіріп алған болатынмын. Жемін көп беріп қойдым ба, білмедім. Тотықұстарды өлтіргенім үшін, жеңге, сізден кешірім сұраймын», – деді Жахан Отарғалиев.
Мұның алдында Тұрсынбек Қабатов Мөлдір Мұқанованың пікірілерін терістеп, балаларын блоктамағанын айтқан еді.