Мектеп оқушысы зейініңді жақсартатын стартапқа 30 мың доллар грант тартты

Жарияланды 11 Қараша 2025 09:00

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Игорь Блинк TabAI
Игорь Блинк, фото инстаграм желісінен

Игорь Блинк – Павлодардағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп оқушысы, қазір 11-сыныпта оқиды. Осы жылы жазда Игорь прокрастинацияны (бойдағы мазасыздық салдарынан маңызды істерді кейінге ысыру) жеңіп, фокусыңды тек бір жобаға аударуға көмектесетін TabAI деп аталатын қосымша дайындады. Яғни интернетте жұмыс істегенде артық контентке назар салмай, тек өз жұмысыңмен айналысуға көмектесетін стартап. Қазір оны 10 мыңға жуық адам қолданады. Игорьдің өзі қолданбасын дамыту үшін 30 мың доллар грант тартқан. Kursiv.Media тілшісі оқушымен тілдесіп көрді.

Nasa ұйымдастырған конкурсқа қатысып, 500 мың теңге алдық

Игорь, алдымен өзіңді таныстыра кетсең. Бағдарламалауға қалай келдің?

– Қазір мен 11-сыныпта оқимын, жасым он жетіде. Бірақ бағдарламалаумен 14 жасымнан бастап айналыстым. Бұл стартапқа дейін де коммерциялық жобалардан тәжірибем болған.

TabAI қосымшасының идеясы қайдан келді?

– Фокус, зейінлі шашырату мәселесі менде де болған. Бір кездері өзім де үш-төрт жобада қатар жұмыс істедім. Бір оқпен бірнеше қоянды қатар өлтіремін деп бірнеше жұмысты қатар істейтінмін. Тапсырмалар көп, бір уақытта браузерде оншақты бет ашылып тұрады. Бір қарасаңыз, неше түрлі жобамен айналысып жатқан сияқты көрінесіз. Бірақ ешқандай жұмысыңыз өнбейді, ми қызып кетеді. 4 сағат отырасыз ноутбуктың алдында, бітірген түгіңіз жоқ. Міне, осы мәселені шешкім келді. Адамдарға не керек екенін зерттеп, бір ай ішінде қаңқасы дайын болды.

Бұл қосымша сізді бір уақытта бірнеше жұмысты қатар істеуден сақтайды. Яғни, бес клиентпен байланысу деген нақты тапсырма тұрса тек соны орындайсыз. Әдетте, қалай клиентке хат жазам деп отырасыз да, ютуб арнадан бір видео ашып, соны көріп, ары қарай тапсырмаға түк қатысы жоқ іспен айналысып кетуіңіз мүмкін ғой. TabAI осы нәрседен тоқтатып, «қане, артқа қайт, жұмысыңды істе» деп тізгіндеп отырады. Ол бұрынғы жұмыс өнімділігіңізге қарап, тапсырманы орындайтын уақытты белгілеп береді немесе ыңғайлы уақытты өзіңіз де қоя аласыз.

Сонда браузерден сіздің тапсырмаңызға қатысы жоқ басқа беттер ашылмайды ғой, иә?

– Иә, бір уақытта оншақты бетті қатар ашып қою браузер қолданудағы ең басты мәселенің бірі ғой. Ол мидың энергиясын, уақытты қатты жейді. Керек емес нәрселердің ішінен керегіңізді тауып алуға күш жұмсайсыз. TabAI ЖИ-дың көмегі арқылы браузердегі беттерді реттеп, қажет еместерін алып тастайды.

Бағдарламалауға қалай келдің? Бірден код жазып кеттің ба?

– Иә, бәрі қызық болды. Мен бағдарламалаудың базасын үйреніп алғаннан кейін, олимпиадалар мен хакатондарға қатыса бастадым. 9-сынып оқушыларына арналған WorldSkills атты олимпиада бар. Соған қатысып, екінші орын алдық. Ол жерде басқа да қабілетті балалармен танысып, NASA мен Google ұйымдастырған әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстық.

Команда қандай болды? Қаржылай жүлделер болды ма?

– Иә, Nasa-ның жарысына қатысқанда Қазақстан атынан біз және Назарбаев университетінен балалар болды. Командада үш адам бар еді, шамамен 500 мың теңге ұттық. Осындай хакатондар, жарыстарға қатысып жүргенде стартап жасап жүрген жігіттер байқап, өздеріне жұмысқа шақырды.

Сонда оқу оқып жүріп, жұмысты бастап кеттің бе?

– Солай деуге болады. Егер байқаған болсаңыздар, Telegram ішінде отырып түрлі қосымшалар дайындауға болады. Мені шақырған топ дәл солай жарнамалық қосымшалар, ойындар дайындайтын. Соларға қосылып, техникалық бөлімін дамытуға көмектестім.

Олардың Telegram-ның өзіне қатысы жоқ па?

– Жоқ, мүлде қатысы жоқ. Жай қызығушылықтары ортақ болғандықтан жиналған әуесқойлар тобы еді. Шамамен бір жылдай істедім.

Оқу мен жұмысты қалай қатар алып жүрдің? Графигің қалай болды?

– Шыны керек, жұмыс графигі дегенді жақында ғана қалыптастырдым. Әдетте, барлығы өздігінен жүретін, бірақ ол өте тиімсіз екен. Негізінен түске дейін мектепте боламын, келген соң түннің бір уағына дейін жұмыс істеймін. Ертеңіне таңертең тағы оқу. Бірақ мектеп әкімшілігі тарапынан өте жақсы қолдау көрсетеді. Түрлі жарыстарға қатысып жүргендіктен түсіністік танытады. Мысалы, бүгін сізбен сөйлесіп отырмын, басқа да онлайн кездесулер көп. Маған сабаққа бармауға рұқсат берді.

TabAI стартабы
TabAI стартабынан скриншот

Қосымшаны бір апта ішінде әзірлеп шығардым

Ол жағы өте ыңғайлы екен. Енді TabAI стартабына қайта оралсақ, онымен жұмыс істеуді қашан бастадың?

– Биыл жазға дейін жоғарыда айтқан жігіттермен жұмыс істеп жүрдім. Біз басқаша стартаппен жұмыс істей бастадық та, оның орындалуына қатысты көзқарасымыз бір жерден шықпады. Сол үшін маусымда ол жерден кеттім. Алматыда N-Factorial инкубаторының басталғанын естіп, барлығын жиып қойып осында келдім.

Ол Арман Сүлейменов жетекшілігімен өтетін бағдарлама ғой?

– Дәл өзі, 2 маусымнан бастап 8 тамызға дейін он апта жалғасты. Алғашқы екі аптасында бізге бағдарламалау, маркетинг бойынша түрлі дәрістер болды. Сол уақыт ішінде идеяны пысықтауымыз керек еді. Тағы екі аптадан кейін қосымшаны іс жүзінде дайындау қажет. Әрбір қатысушы бағдарлама біткенше 10 мың қолданушы жинауы немесе кем дегенде 1000 доллар инвестция тартуы керек деген мақсат тұрды.

Сен орындап үлгерген сияқтысың ғой?

– Иә, мен екінші аптасында-ақ идеямды нақтылап, оны бірден орындауға көштім. Он төрт күн ішінде шамамен нобайын дайындадым. Инкубатордың соңғы аптасында біз жобаларымызды басқа IT мамандары алдында қорғап шығуымыз керек еді. 8 тамызда қосымшаны таныстырып, бірінші орын алдым. Бірақ маңыздысы ол емес, маңыздысы 30 мың доллар инвстиция тартуым.

Ал оны қалай тарттың?

– Мен әлеуметтік желіде жеке брендімді дамытуға тырысамын, парақшамды жүргізіп отырамын. Сол арқылы TabAI-ды да жарнамалап, қолданушылар әкелемін. Маған ұнайтын ерекше желі бар, LinkedIn деп аталады. Ол жерге жиі жазып отыратынмын. Бір күні кешке осы стартапым, N-Factorial инкубаторға қатысқаным туралы жазба атып кетті, көптеген инвесторлар қызығып жаза бастады. Солай Нұрдәулет Базылбековпен таныстым. Ол Eurasian Hub СЕО-cы. Сол сәтте Алматыда жүр екен, мені кездесуге шақырды, сөйлестік. Инвестиция ретінде 30 мың доллар ұсынды.

Тамаша, ол грантты қалай пайдаланасың? Команда жинақтадың ба?

– Дәл қазір команда жоқ. Оның үстіне грантты бірден ала салмайсыз. Құжаттарын реттеп, заңдастыру керек деген сияқты тұстары бар. Соны реттеген соң, иә, команда жинақтағым келеді. Әзірге, өзім және жанымда маған көмектесетін тәжірибеден өтіп жүрген бірнеше балалар бар.

Телефонды бос ақтаратын әдеттен сақтандыратын қосымша әзірлеп жатырмын

Қазір TabAI-ды қанша адам пайдаланады?

– Он мыңға жуық

Мен кеше қосымшаны қолданып көрдім. Түсінуімше, оның тегін және ақылы нұсқалары бар. Он мың адамның қаншасы ақы төлейді, қаншасы тегін пайдаланады.

– Иә, тегін де, ақылы да нұсқасы бар. Екіншісін пайдалану үшін айына 4 доллар төлеу керек. Немесе бірден 15 доллар төлеп, шексіз қолдана беруге болады. Дәл қазір шамамен елу адам 15 доллар төлеп, шексіз қолдану тарифін алған.

Түсінікті, енді нақты қандай жоспарың бар?

– Дәл қазір браузерді одан әрі пісіріп, жетілдіріп, толық аяқтағым келеді. Одан кейін телефондағы скроллингтен, әлеуметтік желілерді бос ақтарып отырудан сақтайтын мобильді қосымша әзірлеп жатырмын.

Ол қалай жұмыс істейді?

– Қараңыз, оған сіз жұмыс кестеңізді енгізесіз. Сол тапсырмаларды орындап отырғанда қажеті жоқ басқа қосымшалар өздігінен жоғалады. Яғни, уақыт біткенше сіз оларды көре алмайсыз. Мысалы, таңертең адамдар тұра салып не істейді? Инстаграм қарайды, хабарламаларды ашады. Бұл өте нашар әдет, миға қатты зиян тигізеді. Одан сақтану үшін таңертең бір сағат әлеуметтік желілерді көрсетпе деген режим қоюға болады. Сонда адам алаңдамай, шаруасын істей береді.

Бұл өте жақсы идея екен, ол қосымшаның жарық көруін асыға күтеміз! Сұхбатыңа рақмет!

Айта кетейік, жақында қазақ жігіттері ағылшынды жеңіл үйренуге арналған Aleem қосымшасын дайындап шығарды. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде қосымша App Store-да ең танымал қолданба атанды.

Сондай-ақ оқыңыз