«Арман Дүйсеновтің әйеліне үй әпере алатын жалғыз адам – Баян» – Мақпал Жүнісова

Жарияланды 17 Қараша 2025 09:57

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Дүйсенованың пәтерсіз қалу қаупі өзіне қатты әсер еткенін жеткізді. Бұл туралы әнші әлеуметтік желіде жарияланған видеода баяндады.

«Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім…»

Әнші Айсұлудың жағдайына бейжай қарамай, қолдан келгенше көмек іздеп көргенін айтты. Оның сөзінше, қала әкімдігіне байланысып, қандай да бір көмек көрсету жолдарын сұрастырған.

«Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша деген болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім. Сондықтан мен үй алып беремін деп айта алмаймын. Бірақ әкімнің өзіне емес, әкімдіктегі жігіттерге шықтым. Қалай көмек беруге болады?» деп ақылдастым, – деді әнші.

Мақпал Жүнісова әкімдік тарапынан мәдениет қызметкерлеріне пәтер берілген кездерін еске алды.

«Кезінде Зәкең (Заманбек Нұрқаділов) марқұм талай өнер адамына кезексіз үй берген еді. Шерхан Мұртаза ағамыз барып, бір күнде 60 пәтер алып кеткен екен. Теле-радио қызметкерлері 20–30 жыл пәтер жалдап тұрған еді. Сол жағдайды Зәкең жасап еді. Олжас Сүлейменов ағамыз келіп, 20 пәтер алып кеткен. Ол кезде әкімдіктің балансында үйлер болған. Тасмағамбетовтің кезінде де солай еді. Қазір ондай заң жоқ, баланста үй жоқ», – деді Жүнісова.

«Бар үмітім – Баян Мақсатқызында»

Мақпал Жүнісова Айсұлудың мәселесін шешуге тек бір адамнан үміт күтетінін айтты. Ол продюсер Баян Мақсатқызы.

Әнші Арман Дүйсенов пен Баянның достығын сөз етіп, композитор продюсерге әрқашан жоғары баға бергенін еске алды.

«Баянның күйеуі миллионер, бәлкім миллиардер. Бірақ біреу байыса, өзі үшін байиды. Арман Баянды қатты сыйлайтын. Көп жобасының музыкасын жасап берді. Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Жолдасыңызбен ақылдасып, бір үй алып беріңіздер. Жарты ақшасын біз жинап берейік. Екі тойға барып, көмек ретінде беремін. Бірақ қалғандар бере ме, айта алмаймын. Бір пәтер алып берсеңіздер, абыройларыңыз одан сайын артады деп ойлаймын», – деді халық әртісі.

Еске салайық, бұған дейін Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу тұрып жатқан жалғыз пәтерін сот арқылы жоғалтып алу қаупі бар екенін хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз