
«Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетті. Музыкалық доданың жеңімпазы Моңғолия елінің намысын қорғаған Мишель Джозеф болды. Жеңімпазға жүлдені Димаш Құдайберген табыстады.
Жоба финалында Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.
«Silk Way Star – Азия елдерінің рухани ықпалдастығын нығайтып, халықтарымыздың достығын бекемдей түсетін бірегей бастама. Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді. China Media Group медиакорпорациясына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея елдерінен келген дарын иелері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіздер деп сенемін! Сіздерге амандық және сәттілік тілеймін», – делінген Президент құттықтауында.
Silk Way Star жобасының жеңімпазына жүлдені Димаш Құдайберген табыстады. Ол әрбір қатысушы осы жоба аясында өз елінің мәдениетін, руханиятын, ең әдемі тұстарын, сазды әуенін күллі әлемге жоғары деңгейде көрсеткенін атап өтті.
Моңғолиялық әнші де өзіне қолдау білдірген көпшілікке алғысын жаудырды.
«Оның жеңісі 12 елдің таланттары мен мәдениеттерін табысты біріктірген жобаның жарқын қорытындысына айналып, жаңа «Жібек жолы» бойындағы достық байланыстарды нығайтты», – делінген хабарламада.
Финалда жеті әнші өнер көрсетті. Олар: Язмин Азиз (Малайзия), Мадинабону Адылова (Өзбекстан), Мишель Джозеф (Моңғолия), Автандил Абесламидзе (Грузия), ALEM (Қазақстан), Саро Геворгян (Армения) және Чжан Хэ Сюань (Қытай).
Онлайн дауыс беру нәтижесінде қазақстандық әнші Alem 80% ұпай жианап екінші орынға тұрақтады. Ол гранд-финалда өзінің авторлық туындысы «Көктемді» әнін орындады.
Silk Way Star жобасының жеңімпазы аралас дауыс беру жүйесі арқылы анықталады:
50% қазылар алқасының шешімі, 50% көрермендердің онлайн-дауыс беруі.
Дауыс беру тәртібі «Евровидение» сияқты халықаралық жобалардың тәжірибесіне сүйене отырып жасалған.