Жартылай жалаңаш актерлердің қойылымы желіде қызу талқыланып жатыр

Жарияланды 24 Қараша 2025 11:33

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: auezov-theatre.kz

Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері «Сұлтан Бейбарыс» қойылымының кадрлары қызу талқыға түсіп жатыр.

Кадрларда Қазақстанға белгілі актерлер жартылай жалаңаш сахнаға шығып, өнер көрсеткен. Желі қолданушылары актерлердің физикалық дене-бітіміне, актерлік шеберліктеріне тамсанып, пікір қалдырып жатыр.

«Азамат Сатыбалдының жасы 48-де деп кім айтады? Денесі жақсы сақталған екен», – дейді бір қолданушы.

«Еркебұлан Дайыров шымыр екен», «Киноға барғым келмей қалды, қызықтың бәрі театрда екен ғой» – дейді енді біреулер.

Скринфото әлеуметтік желіден

Қойылымды Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театр қойған. Қойылым екі сағатқа созылады. Оған 14 жастан асқандар да кіруіне болады. Қойылымның авторы – Рахымжан Отарбаев. Режиссері – Юрий Бекназар-Ханинго.

Сұлтан Бейбарыс – түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік тарихтың ең көрнекті тұлғаларының бірі. Қыпшақ даласында дүниеге келген ол тағдырдың тәлкегімен Мысырға құл болып түссе де, өзінің асқан ақылы мен әскери дарынының арқасында мәмлүк мемлекетінің тағына көтерілді.

Бейбарыс сұлтан елді басқаруда әділдігімен, стратегиялық көрегендігімен және мемлекетшіл қасиетімен ерекшеленді. Қазақ халқы үшін ол – ұлт рухын асқақтатар тарихи тұлға, ерлік пен әділдіктің символы. Бүгінде Сұлтан Бейбарыс есімі түркі жұртының тарихындағы айрықша орынға ие болып, ұрпаққа үлгі болуды жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз