Ерлан Төлеутай Ирландиядағы халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанды

Жарияланды 26 Қараша 2025 11:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Kazakhcinema

Ирландия астанасы Дублинде 12–22 қараша аралығында өткен XIII Silk Road International Film Festival – «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалінде қазақстандық актер Ерлан Төлеутай «Үздік актер» номинациясында жеңімпаз атанды. Бұл туралы Kazakhcinema хабарлады.

Ерлан Төлеутай режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» толықметражды көркем фильмінде басты рөлді сомдаған. Бұған дейін қараша айының басында Парижде өткен «Франциядағы қазақ киноларының фестивалінде» де қазылар алқасы «Үздік актер» сыйлығын дәл осы фильмдегі рөлі үшін Төлеутаевқа табыстаған болатын.

«Әбіл» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалі биыл он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Мәдени шараға әлемнің әр түкпірінен киногерлер мен көрермендер жиналды. Фестиваль Тринити колледжінде (Дублин) және тарихи United Arts Club алаңында өтті.

Сондай-ақ оқыңыз