
Қазақстан халық әртісі Димаш Құдайберген Мысырдағы атақты пирамидалар кешенінің жанында ерекше концерт өткізді.
30 қараша күні Мысырда өткен алғашқы «The Pyramids Echo» фестивалі аясында Димаш Құдайберген өз тыңдармандарына тарихи концерт ұсынды. Бұл Димаштың Африка құрлығында өткен тұңғыш концерті әрі Гиза пирамидалары жанында өнер көрсеткен ТМД елдерінен шыққан алғашқы әртіс екенін атап өткен жөн.
Атақты пирамидалар кешенінің тылсым атмосферасында өткен шоу көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Пирамидалар маңында домбыра, қобыз және сыбызғының үнін естіген сәтте залда терең, әрі көне мәдениеттердің рухани үндестігі сезілді. Бұл әуендер бір сәтке барша көрерменді сиқырлы керуенге ертіп, шөл даланың тылсым әлеміне жетелегендей болды.
Димаш бағдарламасына «Stranger» композициясын, әйгілі «Адай» күйін, сондай-ақ қазақ тіліндегі «Тау ішінде», «Дурдараз» және «Let it be» әндерін енгізіп, ұлттық музыканың құдіретін әлемдік сахнада тағы бір мәрте паш етті.
Бұған дейін, Мысырдың Aldiplomasy ақпараттық порталы Димаш Құдайберген туралы үлкен мақала жариялап, «музыкалық саяхатшы» деп атаған еді.