
Сәкен Майғазиев әлеуметтік желілерде көпшілікті құмар ойын ойнауға шақырған видеолардан сақ болуға шақырды.
Өйткені, айтуынша, онда әншінің бейнесі жасанды интеллект арқылы жасалған.
«Жасанды интеллектпен жасалған жалған бейнежолдау! 50 жасыма дейін бәс тігіп көрмегенмін. Алдағы қалған өмірімде де бір АЛЛА құмар ойыннан сақтасын! Сіздерді де лудоманияға жақындамауға шақырамын», – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Оқырмандары әншіге қолдау білдіріп, алаяқтардың дүркіреп тұрған әншінің есімін пайдаланып жатқандарын алға тартып отыр.
«Білген адамға жасанды интелект екені анық көрініп тұр. Бірақ үлкендер жағы байқамай қалуы әбден мүмкін», – деп сақтандырушылар да бар.
Соңғы кездері ЖИ арқылы танымал әншілердің бейнесін жарнамаға тарту деректері көбейді. Мұның алдында Ерке Есмахан онлайн казиноға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, ақталуға мәжбүр болды. Оның танымалдылығын пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы құмар ойындарына таргет жасалып жатыр.
Тіпті, пайда табуды көздемей, сорақылыққа барып жатқандар да бар. Мәселен, әлеуметтік желілерде жасанды интеллект арқылы жасалған Қыдырәлі Болманов пен жас қыздың сүйісіп тұрған видеосы да жарияланып кетті.