Алғашқы цифрлы кредит мысық түбегін толтыратын түйіршек шығаруға бөлінді

Жарияланды 3 Желтоқсан 2025 11:57

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Кәсіпкерлерге цифрлы кредит бере бастады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Даму» қоры алғашқы цифрлы кредитті үй жануарларының түбегіне арналған гигиеналық түйіршек – абсорбент шығаратын кәсіпорын салуға бөлді. Бұл туралы Kursiv.Media кәсіпкерлікті дамыту қорының мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Түбекке арналған ақ ұнтақ

Цифрлы теңгені пайдаланған алғашқы кәсіпкер – павлодарлық Виталий Кремберг. Ол қаражатты абсорбент шығаратын кәсіпорын салуға жұмсайды. Ақ ұнтақты ит пен мысық түбегін толтыру үшін ғана емес, басқа да салаларда пайдалануға болады.

«Біз бұл жобаны тек бизнес үшін бастаған жоқпыз. Өзіміз мақтан тұтатын өнім – сапалы отандық сіңіргіш шығарғымыз келеді. Жануарлардың түбегін толтыратын сорбент қана емес, фермада, құрылыста, экологияда қолданылуға болатын әмбебап шикізат», – дейді кәсіпкер.

Мәселен, жанар-жағармай төгілген жерге абсорбент шашады. Себебі материал ылғалды бойына тез сіңіріп алады.

Кремберг 250 млн теңгенің кредитін (12,6%) жеті жылға алды. Кәсіпкер ол қаражатқа жер мен құрал-жабдық сатып алып, өндіріс ғимаратын салуды жоспарлап отыр.

Алғашқы жылы он шақты жұмыс орны ашылады. Өндіріс жылына 1200-1400 тонна өнім шығара алады.

Цифрлы кредит кәсіпке тиімді

«Даму» жеңілдігі бар несиені кәсіпкерге Halyk Bank арқылы берді. Кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін қор жаңа қаржы құралы бизнес үшін ыңғайлы деп есептейді.

Қор цифрлы кредиттің бес артықшылығын атады:

  • Онлайн рәсімдеу;
  • Өтініш жылдам қаралып, қаражат тез түседі;
  • Мемлекеттік бағдарлама шарттары жариялы түрде орындалады;
  • Салық тексерісі болмайды. Бұл – әкімшілік және қаржылық кідірістер туғызбайды;
  • ҚҚС қайтару мерзімі 55-75-тен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.

Цифрлы теңге – Қазақстан ұлттық валютасының тек қана Ұлттық банк шығаратын электронды нұсқасы.

Цифрлы кредит алу үшін кәсіпкер елдегі екінші деңгейлі банктерге жүгінуі қажет. Әзірге сегіз банк несиенің осындай түрін берумен айналысады. Бағдарламаға қатысушылар қор кепілдігін де пайдалана алады.

Осының алдында ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлы теңге тұрақты жұмыс істейтін қаржы құралына айналды деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз