Израильмен бір сахнаға шықпайды: төрт ел Eurovision-ге бойкот жариялады

Жарияланды 5 Желтоқсан 2025 09:26

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Eurovision Евровидение ән байқауы
фото: shutterstock

Испания, Ирландия, Словения және Нидерланд Eurovision ән байқауына бойкот жариялады. Өйткені олар Израильді қатыстырмау туралы талап орындалмағанына наразы. Бұл туралы Kursiv.Media CNN мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Миллиондаған аудиториясы бар ірі ән байқауын ұйымдастырушылар бейсенбі күні бас қосып, Израильді Eurovision-ге қатыстыру-қатыстырмау мәселесін талқылады. Бірнеше ел Газадағы соғысқа байланысты Израильді шеттетуді сұраған.

Дегенмен Еуропа хабар тарату одағының (EBU) мүшелері түйткіл мәселені дауысқа салудан бас тартты, бірақ бейтарап ұстаным сақтау талаптарын өзгертетінін мәлімдеді.

Артынша Испания байқауға бойкот жариялады. RTVE испан қоғамдық телеарнасы Eurovision-нен шығатынын мәлімдеді. Испания байқауға ең көп қаржы құйып отырған бес елдің бірі.

Бойкотқа тағы үш ел – Ирландия, Словения және Нидерланд қосылды. RTV SLO телеарнасының президенті Наталия Горшак Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімді «жалған» деп атап, Газа секторында әлі күнге дейін адам қырылып жатыр деп мәлімдеді.

Eurovision 1956 жылдан бері ұйымдастырылатын ән байқауы. Былтыр оны 166 млн адам тамашалады. 2026 жылғы мамырда байқау финалы Вена қаласында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз