
Roblox ойыны Ресейде «экстремизм мен ЛГБТ-ны насихаттайды» деп бұғатталды. Сонымен қатар платформада кәмелетке толмағандарға қатысты қауіп бар екені айтылған.
Роскомнадзордың мәліметінше, Roblox-та балалар қатысатын қауіпті контент көбейген:
- пайдаланушылар «террористік әрекеттерді орындаушы» роліне енетін ойын бөлмелері;
- мектепке шабуыл жасауға шақыратын сценарийлер;
- құмар ойындарына қатысу мүмкіндігі;
- ЛГБТ контенті мен атрибутикасы;
- кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы қорқыныш пен қысым көрсету фактілері.
Ведомство Roblox-ты «педофилдер жиі пайдаланатын платформа» деп те атады.
3 желтоқсан күні Ресейдегі ойыншылар Roblox-қа кіре алмай қалғанын жаппай хабарлаған. Шағымдардың 50%-ы – мобильді қосымша, 35%-ы – веб-нұсқаның істемей қалуына қатысты болды.
Роскомнадзор Roblox-қа қатысты шағымдарды алғаш рет көтеріп отырған жоқ. 2019 жылдан бері платформа әкімшілігіне бірнеше рет ресми талап жіберілген. Ведомство «балалардың рухани-адамгершілік дамуына кері әсер ететін контент бар» деп мәлімдеген.
Алайда ведомство платформа модерациясы «қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмайды» деп есептеп, ақыры толық бұғаттау туралы шешім қабылдады.