
Биыл қазақстандық шоу-бизнес үшін жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Есті ән, трендтен түспеген туынды, жаңа есім, айтулы оқиға аз болған жоқ. Олай болса, жылды қорытындылап, шоу-бизнес әлеміне шағын шолу дайындадық. 2025 жыл несімен есте қалды?
Жыл хитмейкерлері
2025 жыл музыка саласында жаңа хиттермен қоржынымыз толған жыл болды. Өйткені жыл басынан бері ай сайын бір емес, бірнеше ән чарттарда көш бастап, ТикТок-та демде трендке айналып жатты. Бұдан шығатын қорытынды мынадай: қазір ән шығарып қана қоймай, оны тыңдарманға жеткізудің бірден-бір жолы – платформаларға тарату, желіде mood видеолар дайындау, қысқа үзіндісін алдын-ала жариялап, аудиторияның реакциясын тексеріп алу. Ендеше, 2025 жылғы хитмейкерлерді атап өтейік.
Alem (Батырхан Мәліков)
Ninety One тобының мүшесі, Alem деген лақап атпен танымал Батырхан Мәліковты нағыз жыл орындаушысы деген атқа лайық көруге болады. Бұған дейін аты шулы топтың солисі ретінде ғана белгілі болған әнші 2024 жылы жеке орындаушы ретінде бақ сынай бастады. Ол қадамы ә дегеннен сәтті болғанына баршамыз куәміз. Былтыр желтоқсанда тыңдарман назарына Kuuim синглын ұсынып, ол туындысы бірден чарттарда алғашқы орындарда жайғасты. Кейін наурызда Elestet жарыққа шықты. Сәуірдің басында әннің ресми бейнебаяны жарияланып, Youtube-та демде миллиондаған қаралым жинады. Қазіргі таңда қаралым саны 5,7 миллионнан асып кеткен. Осы туындының арқасында Батырхан еліміздегі ең-ең деген фестиваль, іс-шаралардан мүлдем қалмайтын болды. Одан қала берді ТОП подкастарға да қонақ ретінде шақырылып, тыңдарманына тіпті жақындай түсті. Кейінгі рет қарашада әнші Superhero синглын назарға ұсынды.
6ELLUCCI тобы
Бұл хип-хоп группаны үздіктер қатарына қоспау мүмкін емес. Әсіресе, жастардың арасында жігіттер аса танымал. Бір қызығы, олар түр-әлпетін жасырып жүреді. Сахнаға үнемі бетпердемен шығады. Соған қарамастан, тыңдарманы олардың туындыларын сүйіп тыңдайды. Орындаушылар 2023 жылдан бастап белгілі продюсерлер – Jamal & Ganja-ның лейблінде болып, тректерін шығара бастаған еді. Ең жарып шыққан хиттерінің қатарында Kobelek, Millioner, KZO және DIVA әндерін атап өтуге болады. Айта кетерлік бір жайт, қызылордалық орындаушылардың өз аймағы туралы шығарған KZO әнін түгел Қазақстан жұрты жылы қабылдады. Тіпті «әр облыс туралы осындай ән керек» деп жігіттерге деген ризашылығын да білдіріп жатты. Өздері туралы ақпаратты көп айта бермейтін, табиғатынан ұяңдау әншілер кейінгі кездері шоу-бағдарламалардан жиі төбе көрсетіп, сұхбат беріп жүр. «Түрін көрсетпесе де өнерімен мойындатып жүрген әлемдік жұлдыздар бар. Мысалы Sia сахнаға жүзін көрсетпей шығады. Соған қарамастан халық оның әндерін сүйіп тыңдайды. Біздің де ұстаным сондай» деген еді 6ELLUCCI мүшелері.
ARO (Арман Сейтжаппар)
Арман Сейтжаппарды көпшілік ARO деген лақап атпен таниды. Музыкантты даусының ерекше тембрі ғана емес, қазақтың мәдени түп-тамырын терең сезіне алатын қасиеті де өзгелерден айрықша көрсетіп тұрады. Бала кезінен әкесінің домбыра шерткенін көріп өскен Арман ер жете келе ән әлеміне қадам басады. Ол әндерінде түрлі музыкалық аспапты әдемі үйлестіріп, өзгеше стильде ұсынады. Мысалы ол Адай күйіне сөз жазған. Басқаларға ұқсамайтын орындаушы биыл тіпті ашыла түсті. Әлеуметтік желіде де белсенді бола бастады, парақшасына каверлерді жиі жүктеп отырады. Оған қоса, акустикалық концерттер ұйымдастырады. 2025 жылы жарыққа шыққан туындыларын атап өтсек, «Құшақтап ал», «Бір тепті», «Өсиет» бар. Ал тыңдарман жүрегінен айрықша орын алған туындылар деп «Жан жарым» мен «Ұнайды, жанымды» айтуға болады. Үш ай бұрын ғана жарыққа шыққан, сөзі мен әуені ғажап үйлескен «Жан жарым» Youtube-та 3,4 млн қаралым жинаған. Ал жарияланғанына екі апта болған «Ұнайды жаным» әнінің lyric видеосын 1,6 млн адам қараған.
Ернар Амандық
Лирик әнші Ернар Амандық үшін де биыл жыл жемісті болды. Салмақты, көп жерден төбе көрсете бермейтін, шағын ғана ән кештерін өткізумен шектелетін орындаушы 2025 жылы Алматыда алғашқы үлкен концертін берді. Жыл басында «Кейіпкер» әні жарыққа шыққанда бірден тыңдарман оң баға беріп, әсіресе әннің сөзі жүрекке жетті деп пікір білдірген еді. Ал жыл аяқталар тұста, осыдан 6 күн бұрын ғана Youtube-ке «Жалғыз гүл» әнінің музыкалық видеосын жүктеді. Бұл ән де желіде жылы қабылданып, бірден тренд болып кетті. Әсіресе, әндегі «мен сүйген гүл бақытты болуға тиісті» деген жолдарды қыздар қауымы айрықшалап, сүйген адамдарынан осындай жазуы бар гүл алғысы келетін ниетін де жасырмады.
ТикТок трендтері
Yenlik (Еңлік Құрарбек)
Еңлік биыл күзде 11 композициядан тұратын BIPL альбомын жарыққа шығарды. Оның ішінде екі тректі тыңдарман жоғары бағалады. Олар: Meili және 16 Qyz. Біріншісін Еңлік өзі орындаса, екіншісі – Al Nasr екеуінің бірлескен туындысы. «Мейлінің» Youtube-тегі қаралымы 4,7 миллионнан асып кеткен. Spotify-да бұл әнді тыңдағандар саны миллионнан асып жығылады. ТикТок пен Instagram желілерінде осы әнді қойып Reel, stories салғандар өте көп. «16 қыз» шыққаннан кейін зумерлер тіпті трендке айналдырып, әннің танымалдығын арттыра түсті. Айтпақшы, әнші биыл «Дарын» жастар сыйлығын иеленді.
Bayansulu (Баянсұлу Сағындықова)
Трендке айналып, әніне қарай биі ойластырылған «Ауа-рай» да ТикТок-та жақсы танылды. Жеңіл әрі ойнақы әнді жас әнші, биыл ғана таныла бастаған Баянсұлу Сағындықова орындайды. 4 ай бұрын ғана жарыққа шыққан туынды Youtube-та 32 миллионнан астам рет қаралған. Ол аздай, әйгілі миландық «Интер» футбол клубы «Қайратпен» кездесуінің алдында осы композициясының үзіндісімен жазба салып, тыңдарман санын тіпті арттырып жіберді. Артынша Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елордаға келгенде сырттағы тұманды терезеден көрсетіп, парақшасына Баянсұлудың әнімен сүйемелдеп қысқа видео салған еді.
Сырым Исабаев жасаған кәмбек
Жыл қорытындысын жасағанда кәмбек туралы жазбасақ болмас. Көпшіліктің сағына күткен әншісі – Сырым Исабаев жарқ етіп сахнаға қайта оралды. Осыдан он шақты жыл бұрын Қайрат Нұртаспен жазған дуэттері бірінен соң бірі сәтті шығып, одан қала берді кино әлемінде де бақ сынап көрген әнші бір сәтте көрінбей кеткен еді. Арагідік тыңдарман тарапынан «осы Сырым қайда жүр екен?» деген сауалды жиі естіп қалатынбыз. Көп тілегі қабыл болып, жақында Исабаев фанаттарын жаңа әнімен қуантты. Туындысы сәтті шықты ма, әлде жұрт қатты сағынғаны сонша – кез келген әнін аспанға көтеруге дайын болды ма белгісіз. Youtube желісіне бір ай бұрын жүктелген «Сол бір сезім» 5,4 миллион рет қаралған. Тыңдарман жаңа туындыны жылы қабылдап, «Сандықтан хитпен бірге шыға келгені қалай кетті» деп әзілдеп жатыр. Қазір Сырым Исабаев жаңа жыл қарсаңына орай ұйымдастырылып жатқан концерттерге, бағдарламаларға белсенді қатысып жүр. Оған қоса, он жылдан астам уақыттан бері көрінбей кеткен әншіні сұхбатқа да шақыратындар көбейген.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін биыл дәм-тұзы жараспай екіге кеткен жұлдыздар туралы жазған едік.