
Қазақстандық файтер, актер Еркебұлан Токтардың OCTAGON лигасындағы қаржылық шарттары шамамен белгілі болды. Бұл туралы «Спорт Шредингера» басылымы хабарлады.
Еркебұлан Тоқтардың гонорары қанша?
Vesti.kz порталы Еркебұлан Тоқтардың табысы жайлы спорт менеджері Ерасыл Қайыргелдинмен пікір алмасты. Оның айтуынша, спортшының нақты гонорары жария етілмейді, алайда статусы мен танымалдығына қарай Тоқтар Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын файтерлердің қатарына кіреді.
Нарықтағы орташа көрсеткіштерге тоқталсақ:
- OCTAGON лигасының негізгі кардындағы файтерлер бір жекпе-жек үшін орта есеппен 1–1,2 млн теңге табады;
- Лиганың жетекші жұлдыздары шамамен 10 мың доллар (5–6 млн теңге) алады;
- Қазақстандағы ұйымдарда ең жоғары гонорарлар 20–30 мың долларға дейін (10–15 млн теңге) жетуі мүмкін.
Осыны ескерсек, BMF чемпиондық белбеуі, жоғары медиялық танымалдығы және көрілім бойынша көшбасшылығы бар Еркебұлан Тоқтардың гонорары ең жоғарғы диапазонда деп бағалануы заңды.
OCTAGON лигасының растауы
Бұл ақпаратты OCTAGON лигасының матчмейкері Исатай Елемесов те Meta-ratings.kz сайтына берген пікірінде растады. Оның айтуынша, Еркебұлан Тоқтар лигадағы ең жоғары ақы алатын файтер.
Матчмейкердің сөзінше, Тоқтар 2021 жылы лигада дебют жасағаннан кейін OCTAGON аудиториясы айтарлықтай кеңейген:
- ММА жанкүйерлерімен қатар шоу мен медиялық тұлғаларға қызығатын көрермендер қосылды;
- Еркебұлан Тоқтар қатысқан турнирлер тұрақты түрде 1 млн-нан астам қаралым жинайды;
- OCTAGON 70 турниріндегі жекпе-жек рекордтық 3,7 млн қаралымға жеткен.
Лига жұлдыздары үшін 10 мың доллар көлеміндегі гонорар қалыпты жағдай, ал ірі турнирлерде бұл сома одан да жоғары болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 26 желтоқсан күні Еркебұлан Тоқтар Ташкентте өзбекстандық боксшы Тимур Никулинді алғашқы раунда нокаутқа жіберіп, жеңген еді.