«Альмираның қатысы жоқ»: Ақан Сатаев бұрынғы әйеліне жауап берді

Жарияланды 5 Қаңтар 2026 10:48

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ақан Сатаев
фото: instagram

Ақан Сатаев бұрынғы жары Назира Бақаеваның соңғы жария мәлімдемелерінен кейін алғаш рет ұстанымын ашық білдірді. Режиссер жеке өмірдің көпшілік талқысына түсуін қаламайтынын айтқанымен, қоғамда түрлі болжам мен балаларға қатысты қысымның алдын алу үшін түсініктеме беруді қажет деп санаған.

Ақан Сатаевтың айтуынша, ажырасуға себеп болған жайттар тек ерлі-зайыптылар арасындағы жеке келіспеушіліктер мен қарым-қатынасқа байланысты болған.

Режиссер үшінші тұлғалардың, соның ішінде актриса Альмира Тұрсынның, ажырасуға ешқандай қатысы болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, Назира Бақаева да бұған дейін ажырасу себебі ретінде басқа адамды ешқашан атамаған. Сондықтан соңғы мәлімдемелер өзі үшін күтпеген жағдай болғанын және мұны қоғамдық пікірге әсер ету әрекеті ретінде қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Бақаева сұхбатта отбасындағы келіспеушілік 2016 жылдан басталғанын айтқанын еске салды, бұл «Томирис» фильмі түсірілмей тұрып болған кезең.

Ақан Сатаев ажырасуға, балалардың болашақтағы өміріне, тәрбиесіне және ата-анамен қарым-қатынасына қатысты барлық мәселелер алдын ала талқыланып, ортақ шешілгенін айтты. Бұл шешімдер балалармен бірге қабылданған.

Оның айтуынша, ол Назираға балалармен бірге үйде тұра беруді бірнеше рет ұсынған, алайда бұрынғы жары бөлек тұруды өзі қалаған. Дегенмен аталған үй болашақта балаларға мұра ретінде қалатынын атап өтті.

Режиссер Назира Бақаеваның жеке меншігіне өзі таңдаған үш бөлмелі пәтерді рәсімдеп бергенін, көлікті қалдырғанын және әлі күнге дейін қаржылай қолдау көрсетіп, барлық міндеттемелерін орындап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Ақан Сатаев балалардың анасымен қарым-қатынасына ешқашан кедергі келтірмегенін, олар үшін анасының жанында тұру мүмкіндігі әрдайым болғанын айтты. Алайда балаларға қазіргі үйде тұру ыңғайлырақ екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Назира Бақаева 25 жыл отасқан Ақан Сатаевпен ажырасуына актриса Альмира Тұрсын себеп болғанын айтып, сұхбат берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз