Айнұр Тұрсынбаева Жандарбек пен Сырымның «сазайын» беруге Ыстанбұлдан ұшып келді

Жарияланды 27 Қаңтар 2026 21:32

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Айнұр Тұрсынбаева Жандарбек пен Сырымның «сазайын» беруге Ыстанбұлдан ұшып келді / Фото: Instagram / Ainur Tursynbayeva

Айтыскер әрі психолог Айнұр Тұрсынбаева айтысқа оралды деуге болады. Бірақ «Жүрсіннің жүйріктері» секілді сахна төрінде отырып айтыспайды. Кейінгі күндері халыққа қатты ұнап жатқан жаңаша онлайн-айтыстың додасына сан жылдан бергі досы – Балғынбек Имаштың шақыруымен қосылды.      

Балғынбек Имаш осыдан бірнеше күн бұрын айтыстағы інілері – Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезханға Instagram арқылы ақыл айтып, рэп форматында жыр жолдаған еді. Жас әнші Еңліктің әндерінің мәтінін сынаған Жандарбекке тоқтау қою мақсатында жазылған әзіл шыны аралас жолдаудың соңы қызу айтысқа ұласып кетті. Жандарбек пен Сырым бір жақ болып, Балғынбек ағасына «қарсы» айтысқан. Жастарға қауқары жетпеген ақын Айнұр Тұрсынбаеваны көмекке шақырған еді. Оқырманға онлайн айтыс ұнағаны сонша жалғасын сұрап, ақын қыздың жауабын күтті. 

Айтысқа шөлдеген қауымды Тұрсынбаева ұзақ күттірген жоқ. Тіпті ЖанСырымға (Жандарбек пен Сырым – авт.) лайық жауап бермек үшін Ыстанбұлдан арнайы ұшып келді. Осылайша Айнұр мен Балғынбек бірігіп, жас ақындарға жауабын жолдады. Айнұр сөз басында Бадықованың «Сезім үшін» әніндегі партиясын мәнеріне салып, Балғынбекті «курстарыма қатыспаған ең, шал болғанда депрессияға ұшырап жүрсің» деп қағытып алды. Артынша «Жандарбек түгілі Айтақындай әкесінің әкесін танытқанмын» деп жастарға «сес» көрсетті. Ал Балғынбек болса, тау халқының акцентімен «Ты друг» әніне салып үн қатты. «Айнұр екеуіміз бірігіп тау қопаратын болдық» дегендей «Я друг, ты друг – мы премиальный круг» үндеу жасап, Жандарбек пен Сырымға кімге қарсы шығып тұрғандарын еске салды. 

Видеоның астына жазылған пікірлердің ішінде «Балғынбек пен Айнұр оригинал брендтер ғой, күн сайын құны арта беретін», «Айнұр, шығатыныңызға сендік қой» деп қуанып жатқан адам көп. Ал осы онлайн-айтыстың басталуына себеп болған Еңлік болса, күліп тұрған эмодзи қалдырған. Оқырман да «Еңлік әнімен қазақ тілін әлемге танытсам деп жүріп, айтысты оятып тастады» деп риза болып жатыр. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ақындардың жаңаша форматтағы онлайн-айтысы көптің көңілінен шығып жатқаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз