
Боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға сот үкімі шықты. Бұл туралы Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық сотының телеграм арнасы хабарлады.
«Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты Екатерина Биволды РФ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот оған 60 сағаттық міндетті қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындады», – делінген хабарламада.
Мұның алдында 29 қаңтар күні Екатерина Биволға қатысты іс бойынша сот талқылауы болатынын жазғанбыз. Танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол Telegram желісіндегі мәлімдемелері үшін ұлтаралық араздықты ашық түрде қоздырды деп айыпталып отыр.
Бұған дейін Екатерина Биволға Қазақстан Ішкі істер министрлігі іздеу жариялаған еді.
Екатерина Бивол – WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, ресейлік және қырғызстандық боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі. Олар 16 жыл отасып, 2023 жылы ажырасып кеткен. Жұптың екі ұлы бар. Мирон мен Никон анасының қолында тұрады.
Ажырасқаннан кейін боксшының әйелі әлеуметтік желіде белсенді бола бастады. Ол бұрынғы күйеуі туралы үнемі эмоционалды хабарламалар жазып жүрген. Ол боксшыны алимент мөлшерін азайту үшін кірісін жасырды деп айыптады, сонымен қатар оның жанкүйерлерін сынға алған.