
Қазақстанда қыз алып қашуды насихаттайтын әндер Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауына алынады. Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Евгений Кочетов Сенат кулуарында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы уақытта қоғамда қыз алып қашуға қатысты дау-дамай мен резонансты оқиғалар жиілеп кеткен. Сондықтан мұндай жағдайда өнер адамдары да қоғам алдындағы жауапкершілікті ескеріп, өз шығармашылығына мұқият қарауға тиіс.
Алайда министрлік тарапынан мұндай мазмұндағы әндерге немесе контентке нақты тыйым салына ма деген сұраққа вице-министр нақты жауап бермеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура адам алып қашу ауыр қылмыс екенін ескерткен еді. Заңға сәйкес, қызды еркінен тыс алып қашқан адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.