
Танымал әнші Қайрат Нұртастың қызы Алау Нұртас әлеуметтік желіде өзіне бағытталған жағымсыз пікірлер туралы ашық айтып, ішкі күйімен бөлісті.
Алау желі қолданушыларынан, әсіресе үлкен буын өкілдерінен жиі сын еститінін жасырмады.
«Мен күнде жаман сөз естимін: «мынау ұят», «осы жаста ашық киінуге болмайды», «ата-анасы біле ме?», «тәрбие жоқ екен» деген сияқты пікірлер көп жазылады. Мұның көбін 40–50 жас шамасындағы адамдар жазады. Біз өсіп келе жатқан ұрпақпыз. Қолдау көрсету орнына осылай жазатын адамдардың өзі ұялуы керек деп ойлаймын», – деді ол.
Жас қызға қатысты жазылған пікірлерге оның әжесі, белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова да үн қатып, немересін қолдайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, кейбір ауыр сөздер Алаудың көңіліне қатты тиген.
«Алау қызымның жүрегіне кейбіреулердің мұқатуы шынымен ауыр батты. «Пәленшенің немересі, түгеншенің қызы» деп тиісу де аз болған жоқ. Қандай перзент болса да, ішкі дүниесі таза болғаны маңызды. Сырты сыпайы көрініп, іші мүлде басқа болып жатқандарды да көріп жүрміз. Бастысы – ұрпағымыз екіжүзді болмасын. Бізде біреу алға шықса, аяқтан тарту көп, өсек бітпейді. Бұйырса, Алау жалынды, қайсар қыз болып, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналсын», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың қызы кинода басты рөлді сомдайтынын жазған едік.