
Актер Қайрат Әділгерей күйші Құрманғазы Сағырбайұлының мазарына зиярат етіп, құрбандық шалу үшін Ресейдің Астрахан облысына барды. Сапары туралы әншінің өзі Instagram парақшасында айтып берді.
«Мен арнайы осы Алматыдан ат терлетіп, Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар елдімекеніне келіп отырмын. Мен артымда Құрманғазы бабамыздың кесенесі. Атамыз туралы қисынсыз сөз айтқаным үшін бүкіл Қазақ елінен, Құрманғазы бабамыздың ұрпақтарынан кешірім сұраймын», – деді актер.
Ол күйшінің басына арып, құран бағыштап, арнайы мал сойып, құрбандық шалғанын да атап өтті.
Мәселенің мәні
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерейдің желіде Құрманғазы туралы айтқан сөздері тараған. Ол жерде актер әйгілі күйшіні «баукеспе ұры болған» деп айтқан. Оның бұл сөзі дау тудырып, Құрманғазының ұрпақтары актерді сотқа беріп, оның күйшіні орынсыз сипаттап, тарихи деректерді бұрмалағанын айтқан.
Кейіннен актер қате сөйлегенін айтып, күйшінің ұрпақтарынан кешірім сұрады. Және күйшінің мазарына барып, зиярат ететінін де айтқан еді.