
Баласына вакцина салдырудан бас тартқан ата-аналарға шара қабылдау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.
Брифингте «Кей ата-ана баласының қызылша жұқтырғанын жасырып қалады. Салдарынан инфекция балабақша немесе мектепте басқа балаларға жұғады. Олардың ата-анасы денсаулығына қатысты демалыс алуға мәжбүр болып, дәрі-дәрмек сатып алады, табысынан айырылады. Денсаулық сақтау министрлігі баласына вакцина салуға қарсы ата-аналардың бұл әрекетінен келген материалдық және моральдық шығынды өндіріп алуға көмектесе ме?» деген сұрақ қойылды.
Сархат Бейсенова қызылшаны жұқтырған кезде бірден анықтау мүмкін емес екенін айтады. Бастапқыда ЖРВИ белгілері байқалады.
«Елде негізінен қызылшаға қарсы вакцина салдырмаған балалар ауырып жатыр. Бұл шамамен науқас балалардың 70-80 пайызы. Қазір балабақша, мектепте бір баланың қызылша жұқтырғаны анықталса, қызылшаға қарсы вакцина салынбаған балалар уақытша оқшауланады.
Материалдық және моральдық шығынды өндіріп алуға келсек, бұл ешқандай заң нормаларында көрсетілмеген. Қазір денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешуге қатысты түрлі нұсқаны қарастырып жатыр. Алайда түпкілікті шешім қабылданбады», – дейді Сархат Бейсенова.
Айтуынша, шығынды өндіріп алу мәселесі талқылауды талап етеді. Сондай-ақ тиісті нормативтік құжаттар әзірленуге тиіс.
Бұған дейін мамандар ата-аналарға баланың вакцина салдырған-салдырмағанын eGov қосымшасы арқылы тексеруге немесе педиатрдан нақтылауға кеңес берді.