
Әлеуметтік желіде Павлодар қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Александр Сафяниковтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Болат Аманбаев Facebook парақшасында жазды.
Журналистің мәліметінше, бас санитар дәрігер кәсіпкерден 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті KursivMedia редакциясына берген жауабында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды, – делінген ҰҚК хабарламасында.
Ведомство Александр Сафяниковтың ұсталған-ұсталмағаны туралы ақпаратты нақтыламады.
Александр Сафяников Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде 27 жылдан астам уақыт еңбек еткен. 2013 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.