Ұлан Рысқұл қазақ күресі жарыстарынан 20 көлік, 60 ат мінгенін айтты

Жарияланды 24 Ақпан 2026 15:33

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Фото: Gov.kz

Тұңғыш «Қазақстан барысы», қазір Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінде отырған Ұлан Рысқұл Youbube-тағы Saltanat Live каналына сұхбат берді. 

Ұлан Рысқұл қазақ күресінен жарыстарға қатысып, ұзын саны жиырма шақты автокөлік ұтып, алпысқа тарта жылқы мінген екен.

«Қазақ күресінен ауылдарда, қалаларда үлкен жарыстар өтіп тұрады. Меценаттар ондайда машина тігеді. Жарысқа ол кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналамыз. Бірде ел бойынша 5 джип тігілді. Соның үшеуін мен ұттым. Қалғандарын Мұхит Тұрсынов пен бауырым Руслан Әбдіразақ мініп кетті. Жалпы жиырмаға жуық машина ұттым. Бірінші автокөлікті әкеме сыйладым. Джип автокөлігі болатын. Баламыз ғой әкемнің ағасына сыйладым. Жаттықтырушыларыма да бердім. Сондай бір кездер болған», – деп еске алды спортшы бұрынғы шақтарды. 

Айтқанымыздай, Ұлан Рысқұл қазір Жетісу облысының спортына жауапты. Интервьюердің «жеңіс ауыр ма, әлде жүйе ауыр ма?» деген сауалына ол былай деп жауап берді:

«Жүйе ауыр екен, негізі. Жаттығуда жүргенде ештеңе ойламайсың. Физикалық жүктеме ғана бар, екі сағат, таңертең және кешке. Ал қазір менеджер болғанда бәрін қарау керек, жан-жақты болу керек. Бұл жерде көптің бірі болып жүре беруге болмайды. Спортшылар нәтиже көрсетпесе, менен сұрайды», – дейді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қысқы олимпиаданың жабылу салтанаты қалай өткені туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз