Қазақстанды жаяу аралап шыққан жиһанкез Еуропаға жолға шыққалы жатыр

Жарияланды 2 Наурыз 2026 16:53

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Ақсақал 3 наурызда жолға шығады/фото: kursiv.media

Қазақстанды жаяу аралап шыққан 76 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев Еуропаға жолға шыққалы жатыр. Ақсақал сапары туралы жоспарын Астанадағы жиында бөлісті.

Жиһанкездің айтуынша, жолға 3 наурызға қараған түні шығады. Алдымен Астанадан Стамбулға барады, әрі қарай Сербияға табан тірейді.

«Жолға жарайтын резеңке жоқ»

Ақсақалды көпшілік Қазақстанды аралап шыққан, Қытайға, Түркияға жаяу барған азамат ретінде біледі. Енді Сәрсенбай Қотырашев әуелі Еуропаны, әрі қарай Америка Құрама Штаттарын аралағысы келеді.

«2022 жылы Қазақстанды аралауға қолдан жасалған темір арбамен шықтым. Шаруашылықта пайдаланатын арбаның дөңгелегін салған едім, ол тиімсіз болды. Түркістанға жеткенде оны тастап, велосипед дөңгелегін салдым. Одан да көп бейнет көрдім. Түркияға барарда өзгертіп, велосипедтің кішкентай дөңгелегін салдым. Қателік, кемшіліктің бәрін сол сапардан бұрын түзедім», – дейді ақсақал.

Айтуынша, жолға шыдайтын резеңке жоқтың-қасы. Мың шақырымға жетпей жарылып қалады. Жол жиегімен жүрсең, желі шығып кетеді.

«Бұл сапарым Қытай, Түркия сапарынан да өзгеше болады. Жүк тасып жүретін арбаны алып, велосипедтің кішкентай дөңгелегін салдым. Жеңіл арба болды. Көтеріп, қонақүйге кіруге оңай», – дейді Сәрсенбай Қотырашев.

Еуропаға сапар…

Сәрсенбай Қотырашев 3 наурыз сағат түнгі үш шамасында ұшақпен Стамбулға барады. Әрі қарай Сербияға қонады.

«Сербиядан әрі қарай жаяу кетемін. Сербиядан шығып, Венгрия, Австрия, Германия, Францияға барамын. Франция астанасы Париж қаласына барып, биылға сонымен аяқтаймын. Сапарымды 53 күнге жоспарлап отырмын. Жолда ауа райы әсер етеді, кеден кейде бірден өткізбейді», – дейді жиһанкез.

Алты айда 20 аяқ киім тоздырған

Ақсақал Қазақстанды аралаған кезде 20 шақты аяқ киім тоздырған. Бастапқыда спорт аяқ киімін киген, алайда кейіннен матадан тігілген түрін таңдайтын болған.

«Басында спорт аяқ киімін кигем, ол аяқты терлетеді, қажайды. Содан кейін оны тастап, бірыңғай шүберек аяқ киімге көштім. Табаны ғана тозады, өзі тозбайды. Жаңбыр жауғанда су өтіп кетеді. Жүріп келе жатқанда аяқ температурасымен, күннің шуағымен кеуіп кетеді», – дейді ақсақал.

Сәрсенбай Қотырашев бір күнде орташа 40 шақырым жүріп отырады. Кейде қонатын жеріне жетіп үлгеруі үшін бұдан да көп шақырымды жаяу жүріп өтуі мүмкін.

Түркия мен Қытай сапары

Сәрсенбай Қотырашев бұған дейін Түркияның Стамбул қаласына жаяу барған. 2024 жылы Өскеменнен шығып, Ресей, Моңғолия жерін басып, Қытай астанасы Бейжіңге дейін жеткен. Ақсақал 2025 жылы Еуропаға барғысы келген, алайда демеушілер тарабынан қаражат жиналмай қалып, жоспарын биыл орындап жатыр.

Қайтар билеті 2026 жылдың 25 cәуіріне алынған.

Сондай-ақ оқыңыз