
Apple M5 чиптерімен жабдықталған жаңа MacBook Air және MacBook Pro ноутбуктерін таныстырды. Аталған модельдердің бағасы алдыңғы буынмен салыстырғанда қымбатырақ болады. Бұл шешім жад тапшылығына және Mac компьютерлерінің сатылымы мерекелік кезеңде күткендегіден төмен болуына байланысты қабылданды. Бұл туралы Bloomberg мәлімдеді.
MacBook Air моделі M5 процессорын алды және бағасы 100 долларға қымбаттады. 13 дюймдік базалық нұсқаның құны енді 1099 долларды құрайды. Сонымен қатар компания алғаш рет бастапқы сақтау көлемін 512 ГБ-қа дейін екі еселеді.
MacBook Pro желісі M5 Pro және M5 Max чиптеріне көшті. M5 Pro орнатылған 14 дюймдік модельдің бағасы 200 долларға өсіп, 2199 доллар болды. Ал анағұрлым қуатты M5 Max нұсқасы енді 3599 доллардан басталады, бұл алдыңғы модельден 400 долларға қымбат. Қазан айында таныстырылған M5 чипі бар стандартты MacBook Pro да 1599 доллардан 1699 долларға дейін өсті.
Бұл компьютерлерде де жад көлемі ұлғайтылған: енді MacBook Pro-ның ең төменгі конфигурациясы 1 ТБ жадымен ұсынылады, ал M5 Max нұсқалары стандартты түрде 2 ТБ-пен жабдықталады.
Компанияның мәлімдеуінше, MacBook Pro және Air модельдері жасанды интеллектіге қатысты тапсырмаларда алдыңғы буынға қарағанда төрт есе жылдам жұмыс істейді. Ал жаңа MacBook Pro жалпы өнімділік бойынша 30%-ға жылдамырақ.
Бұдан бөлек, Apple Studio Display мониторының жаңартылған нұсқасын және алғаш рет Display XDR моделін шығарды. Жаңа MacBook пен мониторлар алдын ала тапсырысқа қолжетімді, ал сатылым 11 наурызда басталады.
Еске салсақ, осыған дейін Apple компаниясы 17-буындағы ең арзан өнімі – iPhone 17e смартфонын таныстырған болатын. iPhone 17e бағасы 599 доллардан басталады. Жаңа тауар наурызда саудаға түседі.