Шерқала мен Бозжырада глэмпинг салуға бюджеттен 500 млн теңге жұмсалмақ

Жарияланды 5 Наурыз 2026 11:37

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маңғыстаудағы «Glamp Mangystau» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыруға 500 млн теңге жұмсалмақ. Бөлінген қаражат өңірдегі туризмді жаңа деңгейге көтеру мақсатында Шерқала, Бозжыра және «Голубая Лагуна» атты бірегей табиғи локацияларда үш заманауи глэмпинг салуға бағытталады.

Қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламаға сәйкес, бұл туралы шешімді «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Директорлар кеңесі 2026 жылдың 19 ақпанында қабылдады.

Аталған инвестицияны тарту үшін корпорация құны 1 000 теңге болатын 500 000 дана қарапайым акциясын орналастыруды жоспарлап отыр.

Орналастырылған акцияларды жалғыз акционер басым құқықпен сатып алады. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – Маңғыстау облыстық қаржы басқармасына тиесілі.

2025 жылдың қарашасында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барғанда «Голубая лагуна» аумағында 160 млн теңгеге «Glamp Mangystau» глэмпинг-қонақүй құрылысы басталатынын айтқан.

Бұған дейін Бозжыраға апаратын жол құрылысы биыл аяқталатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз