
Қазір табиғаттың тамашасын көргісі келгендерге таңғажайып локация көп. Бұрын-соңды жергілікті халық қана біліп келген көп жаңа жер ашылды. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстандағы әдемі жерлер дегенде Бурабай, Қайыңды мен Көлсей сынды ең танымал мекендер айтылатын. Ал қазір әр облыста ерекше локациялар бар екені мәлім болып жатыр. Kursiv Media тілшісі кейінгі жылдары ғана таныла бастаған, туристер тартуға едәуір үлес қосып жатқан жерлерге қалай баруға болатыны туралы пайдалы гайд дайындады.
Шығыс Қазақстан облысы – Мұзтау

Өр Алтайдың ең биік нүктесі – Мұзтау. Бұл шың еліміздің шығысындағы Катонқарағай ауданында орналасқан. Көпшіліктің аяғы басыла қоймаған, туристер қаптап үлгермеген локациялардың бірі. Оған бірден-бір себеп – жолдың қиындығы. Әрі шалғай жатқаны тағы бар. Нағыз тұмса табиғат дерсіз. Алтайды аралап шыққыңыз келсе, қалай жетуге болатынын айтып берейік.
Қалай жетуге болады?
Астанадан немесе Алматыдан Катонқарағайға жету үшін мына үш жолдың өзіңізге ыңғайлысын таңдай аласыз: пойыз, ұшақ немесе автокөлік.
- Пойыз. Нұрлы жол вокзалынан 1-Өскемен станциясына дейін билет аласыз. Жолдың ұзақтығы 17 сағаттан сәл асады. Отыратын орын – 8400 теңге, купе – 20 мың теңге, люкс – 25 мың теңге. Алматыдан қатынайтын пойызға келсек, 1-Алматыдан отырасыз. Жол 25 сағат алады. Плацкарт – 9 мың теңге, купе – 13 мың теңге.
- Ұшақ. Өскеменге дейін жетіп алыңыз. Отандық әуекомпаниялардың ішінде Air Astana, Scat, FlyArystan бұл жаққа қатынайды. Билет бағасы ертерек алғанда 24 мың теңгеден басталады. Әуежайдан түскеннен кейін тағы жүретініңіз ескеріңіз. Алматыдан шығатын болсаңыз да, дәл осындай. Тіке рейстер бар, билет 24 мың теңгеден әрі қарай.
- Көлік. Автомобиль жолымен барам деп ұйғарсаңыз, жол нашар екенін ескеріңіз. 1300 шақырымдай жерді шамамен 16 сағатта еңсересіз. Бірақ есесіне табиғаттың сұлулығына тамсанып, керек жерде тоқтап, аяқ жазып, демалуға болады. Алматы мен Катонқарағай арасы да 1400 шақырымға жақын. Машинамен саяхаттап үйреніп қалғандарға осы тәсіл қатты ұнауға тиіс.
Сонымен, Өскеменге аман-есен жетіп алған соң, әрмен қарай Мұзтауға аттанасыз. Маршрут мынадай: Алтай – Үлкен Нарын ауылы – Катонқарағай – Өрел – Берел. Одан кейін Азовка ауылы деген тақтайша болады. Сондағы бағыттауышқа ілесіп жүре бересіз. Тасжол аяқталғаннан кейін тау жолы басталады. Сонда солға кетесіз. Көз алдыңызға Язевое көлі келеді. Одан асып, әрменқарай жаяу не салт атпен кетесіз.
Маңғыстау облысы – Бозжыра

Кейінгі жылдары дәл осы Бозжыраны көрмек болып еліміздің батыс аймағына тартып кететіндер көбейіп келеді. Арнайы бардық десе, олай деуге әбден келетіндей-ақ ғажап локация. Құдды басқа бір ғаламшарға тап болғандай әсер сыйлайды. Мұзтау жақта көктемнің өзінде әлі қыс болып жататын болса, наурыздың ұзақ демалысында баруға болатын бірден-бір жер – Маңғыстау облысы. Күн жайлы, нағыз экспедицияға шығуға арналғандай. Көбі сәуір-мамырда барады. Ал жазда және қыстың ішінде бұл жаққа барған қауіптірек. Маусым-тамызда 40°C шіліңгір ыстықта көліктің қозғалтқышы қызып кетіп, жолда қалып кетуіңіз мүмкін. Ал қыста аяз, қар болуы ғажап емес. Сондықтан көктем не күзді таңдаңыз.
Қалай жетуге болады?
- Пойыз. Астанадан шығатын болсаңыз, Семей-Ақтау пойызына отырасыз. Ескі вокзалдан жүреді. Маңғыстау станциясына жеткенше 48 сағаттай уақыт кетеді. Екі күн алаңсыз, асықпай баруға дайын болсаңыз болғаны. Билет бағасы плацкартта – 18 мың теңге, купеге – 27 мың теңге. Алматыдан шығатындар Алматы-Ақтауға отырады. Бірақ жол тіпті ұзақ. Үш күніңіз жолға кетіп қалады. Себебі ұзақтығы – 54 сағат. Билет болса, плацкартқа – 20 мың теңге, купеге – 30 мың теңге.
- Ұшақ. Ол үшін өзіңіз шығатын қаладан Ақтауға жетіп аласыз. Отандық әуекомпанияларда бұл жаққа тіке рейс аз емес. Мысалы Астана-Ақтау бағытында 3 сағаттай ұшады. Билеттер 39 мың теңгеден басталады. Алматыдан ұшсаңыз 3,5 сағатта Ақтауға боласыз. Билеттер 40 мың теңге шамасында. Бәрі қай уақытта алғаныңызға байланысты.
- Көлік. Машинамен шыққыңыз келсе, Ақтаудың шалғай екенін еске саламыз. Мысалы Астанамен арадағы қашықтық – 2700 шақырымдай. Орта есеппен 35 сағат жолға кетеді. Қостанай арқылы шығып, әрі қарай Ақтөбеден асып, Атырау, одан Ақтауға жетесіз. Жол кей жерде тегіс, кей жерде нашар. Алматы мен Ақтау арасы – 3400 шақырым. Жолға шамамен 42 сағаттай кетеді.
Ақтауға жетіп алған соң, Бозжыраға тек машинамен бара аласыз. Ең абзалы – 4 дөңгелегі де тартатын, жол талғамайтын көлік алып алған. Әрі жүргізуші де тәжірибелі болғаны жақсы. Себебі жол өте қиын. Жергілікті жүргізушілерді көлігімен жалдасаңыз, өзіңізге жақсы. Әйтпесекөлігіңіз батып, сүйреп шығара алмай қиналып қалуыңыз мүмкін. Әрі жылдың қай мезгілінде баратыныңызға да байланысты. Көктемде жер құрғақта бәрі жақсы болып, күзде жаңбырлы күнге тап болсаңыз, тұрып қалуыңыз ғажап емес. Жалпы алғанда джип көлігін жүргізушісімен қоса жалдау тәулігіне 100 мың теңгеден басталады екен. Жалдағанның тағы бір жақсы тұсы: діттеген жерге қауіпсіз жетіп қана қоймай, керек-жарағы түгел сайланған болады. Кейбірі тіпті тамақтандырады.
Жетісу облысы – Бұрқан бұлақ

Жоңғар Алатауының тұмса табиғаты жан баласын тамсандырмай қоймайды. Әсіресе, Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырама саналатын Бұрқан бұлақтың жөні бөлек. Қора өзенінің аңғарында орналасқан бұл сарқырама төрт қиядан құлай ағады. Жалпы биіктігі – 168 метр. Теңіз деңгейінен 2000 метрде орналасқан. Бұрқан бұлақтың бастауы Қаратауда. Бұл жаққа жету үшін үлкен еңбек керек. Себебі жол мәселесі әзірге шешілмеген. Соған қарамастан шетелден келетін турист саны жылдан жылға өсіп жатыр екен. Ашық дереккөздерде бар ақпараттарға сүйенсек, орта есеппен 500-ге тарта шетелдік турист жолсыз жер болса да осы маңайға арнайы ат басын тірейді екен. Жол реттелетін болса, турист ағыны тіпті көбейетін сыңайлы. Германия, Ұлыбритания, ТМД елдерінен жиі келеді екен.
Қалай жетуге болады?
Жетісу облысында орналасқан бұл локацияға бару үшін басқа қалада болсаңыз, алдымен кемінде Алматыға жетіп алған ыңғайлы. Реті келсе, бірден Талдықорғанға тоқтаған тіпті жақсы. Талдықорғанға дейін ұшақпен не көлікпен жетіп алыңыз. Одан кейін сарқырамаға аттанасыз. Бұл жаққа да ең дұрысы – жол талғамайтын машина. Саяхатшылардың дені Қапал арқылы жүреді. Ол үшін Талдықорған мен Текелінің арасында жатқан Көкжазық ауылымен өтесіз. Жалпы Қапалдың ар жақ, бер жағындағы ауылдар арқылы жетуге болады. Егер Көкжазықпен жүретін болсаңыз, Талдықорғанмен арасы 40 шақырымға жуық. Қапал жақтан келгенде облыс орталығынан 56 шақырымдай жүресіз. Бірақ Қызылжар асуы арқылы барарда жолдың кедір-бұдыры көп екенін ескеріңіз. Қазіргі таңда туристер тарту үшін бұл жақта жол салынып, мәселе шешіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Наурыз мерекесін түлеген Түркістанда тойлағыңыз келсе, ол жаққа қалай жетуге болатыны туралы жазған едік.