Баян Алагөзова құрбысынан 600 мың теңгеге шапан алғанын айтып мақтанды

Жарияланды 26 Наурыз 2026 14:21

Торғын Қабен

Торғын Қабен

видео кадры

Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы наурыз қарсаңында ұлттық киім – шапан алғанын айтып, парақшасына салды. Елге танымал дизайнер әрі өзінің жақын құрбысы Аида Кауменованың брендінен 600 мың теңгеге алғанын да жасырмады.      

Баян Алагөзова Aida KaumeNOVA брендінен жиі киім алады. Оның осыған дейінгі біраз образын Аида Кауменова тіккенін жақсы білеміз. Наурыз мерекесі қарсаңында продюсер құрбысының шоу-румына барып, жаңа шапан алғанын stories-те айтты.

«Қандай керемет шапан алғанымды қараңдаршы. Бірақ енді 600 мың теңгеге шықты. Сонда да ештеңе етпес. Бұл – бірегей туынды. Алмай кетуге болмады. Тіпті джинса шалбармен де сәнді тұрады екен. Кофтамды шештім де, шапанды кие салдым. Аида Кауменованікі, 660 мың теңге тұрады. Қолдан тігілген. Менде енді 20% жеңілдік бар. Ой, 30 пайыз екен. Отыз жыл дос болып 30% жеңілдік алуға еңбегім сіңді. Мына шапанға ғашық болып қалдым», – деді әзіл-қалжыңды жарастырып. 

Видеода Аида Кауменова Баянның образдарына жоғары беріп жатты.

«Баян үнемі өзіне ерекше киімдерді тауып алады. Әдемі. Сөмкең де жараса кетті. Неткен ғажап. Қыпша белді де көрсеттің. Баянды тауып айтатын сөздері үшін жақсы көрем. Аяғы күнге күйіп, әдемі болып тұр», – деп жылы лебізін білдірді.

Қос құрбының қағытпа қалжыңы көптің көңілінен шықты.

«30 жылда 30% жеңілдікке еңбегім сіңді дейді. Интеллектісі жоғары адамдар әзілді жақсы айтады. Ал шапан шынымен әдемі екен», «Таңғажайып! Кейде тауып айтқан бір ғана сөз ұзақ әңгімеден де артық болып жатады. Аида өте шебер жан ғой», «Жылына бір пайыздан еңбек сіңіріп келген ғой. Сарказмыңызды сондай жақсы көрем», – деп тамсанып, образды да, құрбылардың әңгімесін де жылы қабылдап жатыр оқырман. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Баян Алагөзова Алматы көшелерімен жүргенде өзін Ауғанстандағыдай сезінгенін айтып шағынғаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз