
Қазақ өнерінің жарық жұлдызы, марқұм Гүлнәр Сиқымбаеваның отбасында ауыр жағдай орын алуда. Әншінің жалғыз ұлы Баир Сиқымбаевтың жоғалып кеткеніне бір аптадан асқан. Бұл туралы танымал журналист Жазира Бегалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, көпшіліктен көмек сұрады.
Журналистің айтуынша, Баирдың қайда екені белгісіз, оның жары БАҚ өкілдеріне жүгініп, іздеуге көмектесуді өтінген.
«Бір аптадан бері Баирдан хабар жоқ. Дауысы ерекше, көрікті, талантты, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы екен. Енді Баир қайда жүр екен? Келіншегі журналистерден көмек сұрапты», — деп жазды Жазира Бегалы.
Журналист өз оқырмандарын бей-жай қалмауға және ақпаратты барынша таратуға шақырды. Ол әншінің ұлын «көзінің қарашығындай» көргенін айта келе, оның аман-есен оралуын тіледі.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаева 2024 жылдың қазанында қайтыс болған еді.