
Танымал продюсер Баян Алагөзова қазақстандық эстрада жұлдыздарының дінге қатысты ұстанымы мен әлеуметтік желідегі образдарына қатысты өткір пікір білдірді. Qazaq Ordasy арнасына берген сұхбатында продюсер кейбір әріптестерінің қасиетті сапарды «көрсетілім» үшін пайдаланатынын атап өтті.
Рухани сапар ма, әлде контент пе?
Продюсердің айтуынша, қазіргі таңда шоу-бизнес өкілдерінің Меккеге баруы трендке айналғандай көрінеді. Ол өнер иелерінің қажылық немесе ұмра сапарын әлеуметтік желіде тым ашық жарнамалауын сынға алды.
«Кейбір танымал тұлғалар Меккеге сапарын ашық түрде жариялап, әр қадамын әлеуметтік желіде көрсетеді. Бұл шынайы құлшылық па, әлде кезекті контент пе деген сұрақ туындайды», – деді Баян Алагөзова.
Өмір салтындағы қайшылықтар
Сұхбат барысында басты назар жұлдыздардың сапардан кейінгі іс-әрекетіне аударылды. Продюсер қасиетті жерден оралғаннан кейін көп ұзамай бұрынғы, дін қағидаларына қайшы келетін өмір салтына оралуды «екіжүзділік» деп бағалайды.
Әріптестерге үндеу: «Шынайы ниет бірінші орында»
Баян Алагөзова өнердегі әріптестерін мұндай қадамға саналы түрде баруға шақырды. Оның пікірінше, рухани тазару бұл камера алдындағы көрініс емес, адамның ішкі жан дүниесінің өзгерісі болуы тиіс.
«Мен әріптестерімді қасиетті сапарға тек шынайы ниетпен баруға шақырамын. Егер адам өзгермесе, тек суретке түсу үшін барудың мәні жоқ», – деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова тоқалын сыйға тартқан имамды сынаған еді.