
Жақында ғана өнерге қайта оралған әнші Айдана Меденова қазір «Хабар» арнасындағы Cover show бағдарламасына қатысып жатыр. Оның орындаған кезекті туындысы тыңдарман көңілінен шықпады.
Айдана Меденова сахнада Мейрамбек Беспаевтың «Сен үшін жаралғандаймын» әнін орындап шықты. Кейін сол орындауының үзіндісін Instagram, Threads желілеріндегі парақшасына салған еді. Инстада 800-ден астам пікір жазылып, фанаттарының тарапынан қолдау басым болса, Threads-те әншіні көбі «талап» жатыр.
«Осы қыз өлеңді неге ыңқылдап айтады? Күшті айтып тұрмын деп ойлайды, бірақ сырттан өте жаман естіледі. Бетіне айтатын біреу бар ма жанында жүрген? Біз айтсақ көре алмай жатыр дейді», «Бұл әнді Мейрамбектен естіген құлақ басқа орындауды қабылдай алмайды екен. Кешіріңіздер. Айдана Меденоваға еш айтарым жоқ, тамаша әнші, ол кісіні де ұнатамын. Пікір тек әнге байланысты», «Тамағы қарлығып немене бәле. Керемет әннің быт-шытын шығарып» деп жазып жатыр оқырман.
Кавер шоуда әділқазы алқасының құрамында әннің түпнұсқасын орындайтын Мейрамбек Беспаев отырғанын да атап өту керек. Меденова сахнаға шықпай тұрып «өте батыл қадам жасап отырмын» деп таңдаған әні Мейрамбектің орындауындағы ән екенін айтып, толқып тұрғанын жеткізген еді.
Кавер нұсқаны тыңдап көрген Беспаев мынадай пікір айтты: «Әнді жалпы 2008 жылдары жаздық. Содан бері көптеген кавер тыңдадық. Ішінде ұнағандары, аса керемет орындағандары да болды. Ал енді бүгінгі орындау сол ең жақсыларының үштігіне кіреді. Жалпы мен әдемі айта алатындарға қызығамын. Рахаттанып тыңдаймын. Ләззат алдым. Мүлдем басқа әлемге алып бардың. Айдана, саған көп рахмет. Саған құйып қойғандай қатты жарасып тұрды».
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Айдана Меденованың кейінгі шыққан әніне қатысты да сын көп айтылғаны туралы жазған едік.