
Эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың визиттік картасына айналған «Алматының түндері-ай» әніне байланысты үлкен дау басталды. Әнші Әлішер Қайратұлының жары Сандина Threads желісінде бұл туындының авторлық құқығы іс жүзінде оның күйеуіне тиесілі екенін мәлімдеді.
Даудың басы: 12 жылдан кейін ашылған шындық
Сандинаның айтуынша, бұл ән 13 жыл бұрын жазылған. Ол өз жазбасында:
«Аты аңызға айналған «Алматының түндері-ай» әні іс жүзінде менің күйеуім Әлішер Қайратұлына тиесілі екенін білдіңіздер ме? Олар кезінде бұл әнді бірге орындаған болатын. Қайрат бұл әнді басқа орындаушылармен айтпауы керек еді не жеке, не тек автормен бірге айтуға тиіс болатын,» – деп жазды.
Автордың жары бұл ақпараттың араға 12 жыл салып барып айтылуының себебін үйден табылған ескі құжаттармен түсіндірді.
Ән қалай пайда болды?
Сандинаның айтуы бойынша, Әлішер мен Қайрат мектеп кезінде, Әлішердің әжесінің мерейтойында танысқан. Ол кезде Әлішер небәрі 16 жаста болған.
Олар гонорар төлеу арқылы бірнеше бірлескен ән жазуға келіседі.
Сандинаның айтуынша, Әлішердің тарапы әнге қажетті барлық шығынды өтеген. Композитор Самат Рыспанбеттен музыка сатып алынған, аранжировка мен өңдеу жұмыстары жасалған. Тіпті, әннің мәтіні үшін ақын Құрманай Бақтиярқызына Шымкентке арнайы барып, ақшасын төлеген.
Құжаттарға сәйкес, ән 2013 жылдың 18 қаңтарында ресми түрде жасалып, құқықтары Әлішерге берілген.
Қазіргі таңда Әлішердің отбасы мәселенің заңды жағын зерттеп, авторлық құқықтарын қорғауды жоспарлап отыр. Әлішер Қайратұлының өзі қазіргі уақытта агробизнеспен айналысады, ал музыка ол үшін жай ғана хобби болып қалған.
Айта кетейік, YouTube Music мәліметі бойынша, әннің музыкасын Самат Рыспанбет, мәтінін Құрманай Бақтиярқызы жазған, ал құқық иесі ретінде «Kairat Nurtas Production» көрсетілген. Бұл әннің ең танымал нұсқасы – Ресей әншісі Нюшамен орындалған дуэт 30 миллионнан астам қаралым жинаған.
Бұған дейін, Қайрат Нұртастың әкесі оқуға төбелестің арқасында түскенін айтқан еді.