
Артемида II миссиясының сегізінші күні «Орион» ғарыш кемесінің экипажы техникаларды жиыстырып, Жерге оралуға дайындалып жатыр. Төрт ғарышкер үйге емес, әлі де болса Айға жақын ғарышта ұшып келеді.
NASA мәліметінше, «Орион» ғарыш кемесінің «Интегрити» деп аталатын бортында экипаж мүшелері жаңа күнді Queen тобы мен Дэвид Боуи орындайтын «Under Pressure» әнін тыңдаумен бастады. Бұл сәтте олар Жерден 322 мың км, ал Айдан 134 мың км қашықтықта ұшып келе жатқан.
Миссия құрамындағы NASA ғарышкерлері Рид Уайзман, Виктор Гловер және Кристина Кох, сонымен бірге канадалық ғарышкер Джереми Хансен күндегі әдетінше арнайы құралдар көмегімен жаттығу жасады. Олар түске дейін БАҚ өңілдерімен тікелей эфирде сөйлесуге мүмкіндік алды.
9 сәуір күні төрт ғарышкер Жерге оралуға дайындала бастады. Олар құрал-жабдықтарды жинастырып, орындықтар орналастырады. Заттар капсула атмосфераға кірген уақытта орнынан қозғалып кетпеуге тиіс.
Артемида II миссиясы 11 сәуірде Астана уақытымен таңертең сағат 5:07-де Тынық Мұхитқа, Сан-Диего жағалауына түседі.
Ғарышкерлердің Жерге оралуын NASA+, Amazon Prime, Apple TV, Netflix, HBO Max, Discovery+ және басқалары тікелей эфирде көрсетеді.
Артемида II миссиясы 2 сәуірге қараған түні басталды. Boeing компаниясы дайындаған зымыран «Орион» ғарыш кемесін орбитаға алып шықты.
Кеме Айды айналып ұшып, қайтып келе жатыр. Адам баласы алғаш рет Жердің табиғи серігінің арғы бетін өз көзімен тамашалады. NASA «Орион» ғарыш кемесінен түсірілген ғажап суреттерді жариялады.