Димаш Құдайберген украиналық әнші Виктория Булееваның арманын орындады

Жарияланды 20 Сәуір 2026 12:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Dimashnews.com

Будапештте өткен Virtuosos жобасының гала-концерті музыка әлеміндегі жылдың ең жарқын оқиғаларының біріне айналды. Сахнада Димаш Құдайберген мен украиналық дарынды опера әншісі Виктория Булеева алғаш рет бірге дуэт орындады. Эндрю Ллойд Уэббердің атақты «Опера елесі» мюзиклінен алынған дуэт концерттің шарықтау шегіне айналып, еуропалық көрерменді теңселтті.

Димаштың жанкүйерлері оның «O Sole Mio» немесе «Besame Mucho» сияқты классикалық туындыларды акапелла форматында немесе гала-концерттерде орындағанын бұрын да тыңдаған. Алайда драмалық тереңдігі мен вокалдық күрделілігімен ерекшеленетін «Опера елесі» композициясын қазақстандық әртіс алғаш рет толыққанды дуэт форматында ұсынды. Виктория Булееваның мөлдір сопраносы мен Димаштың феноменальды диапазоны бір-бірін толықтырып, сахнада біртұтас, құдіретті музыкалық құбылыс тудырды.

Бес жыл күткен сәт: Викторияның орындалған арманы

Виктория Булеева үшін бұл туындының маңызы ерекше.

«Опера елесі» менің репертуарымда бұрыннан бар және мен үшін тағдырыма айналған туынды десем де болады», – дейді әнші.

Украиналық әнші бұл шығарманы «Қазақстан дауысы» тележобасына қатысқан кезінде орындаған еді. Дәл сонда Викторияның жүрегінде бір күні осы композицияны Димашпен бірге орындау туралы арман ұялаған.

«Шынын айтсам, «Қазақстан дауысы» жобасына қатысқан кезеңнен бастап осы композицияны бір күні Димашпен бірге орындасам екен деп армандадым», – деді Виктория.

Көрерменді қос әншінің вокалынан бөлек, Димаштың Викторияны белінен құшақтап тұрып, бейнелеп отырған кейіпкерлердің сезімі мен құштарлығы таңғалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз