Әуезов театры 100 жылдығында «панасыз» қалды: жөндеу жұмыстары қашан аяқталады

Жарияланды 22 Сәуір 2026 12:23

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Әуезов театрының жөндеу жұмыстары қашан аяқталады / Фото: Shutterstock

Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының іргесі қаланғанына биыл тура 100 жыл. Алайда ғасырлық тойын өз сахнасында қарсы алуға тиіс ұжым әлі күнге дейін өзге театрларды паналап, «көшпелі» күй кешіп жүр. Kursiv.Media жолдаған ресми сауалға Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап беріп, жөндеу жұмыстарының нақты мерзімін жариялады.

Қаржы мәселесі шешілді ме

Театр ғимаратының жөндеуі неге кешікті деген заңды сауалға министрлік өкілдері бюджеттік қаржыландыруды нақтылау және бекіту ресімдері себеп болғанын алға тартты. Бүгінде қаражат мәселесі толық шешіліп, реконструкциялау жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттама аясында жүріп жатыр.

Комитеттің мәліметінше, қазіргі уақытта нысанда біршама жұмыстар аяқталған. Атап айтар болсақ, ғимараттың проблемалық элементтерін бөлшектеу аяқталды. Шатырды монтаждау жұмыстары толық бітті. Қажетті инженерлік және заманауи мультимедиялық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ ғимараттың тірек бағаналарын күшейту жұмыстары жалғасып жатыр.

Театр есігі көрерменге қашан ашылады?

Министрлік өкілдерінің сендіруінше, құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданып, жөндеуді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Жөндеу кестесі мен жұмыстардың ағымдағы жағдайы министрліктің тұрақты бақылауында», – делінген ресми жауапта.

Дегенмен театрдың 100 жылдық мерейтойы кезінде әртістердің өзге сахналарда өнер көрсетуі қоғам мен өнер сүйер қауымның наразылығын тудырып отырғаны жасырын емес. «Қара шаңырақ» аталып кеткен театрдың мерейтойын өз шаңырағында, лайықты деңгейде өткізуі – ұлттық мәдениет үшін абыройлы іс.

Министрлік уәде еткендей, жұмыс жыл соңына дейін бітсе, Әуезов театры ғасырлық тойының нүктесін жаңарған, заманауи техникамен жабдықталған өз үйінде қоюға тиіс.

Айта кетейік, Әуезов театры 100 жылдық маусымын «Еңлік-Кебек» пьесасымен Алматыдағы Лермонтов атындағы театрдың сахнасында ашқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз